Ән мәтіндері байқауы туралы бірер сөз
жеке
блог

Ән мәтіндері байқауы туралы бірер сөз

Осыдан бірнеше күн бұрын ән мәтіндеріне арналған байқаудың жеңімпаздарын жариялаған болатынбыз. Олар Роман Бұрқаш пен Нұртас Тұрғанбек. Екі ақынның да сұхбатын назарларыңызға ұсындық. Енді осы жігіттердің сөзіне ән жазып, қалың елді қуантатын әншілердің пікірлеріне құлақ түрейік.

Әсерлі, әуезді әндерімен талайды тамсандырып жүрген Әлібек Әлмәдиев: "Байқаудың мақсаты - ән мәтіндерінің сапасын арттырып, қазақ музыкасының дамуына үлес қосу болатын. Осы орайда жеңімпаздарды таңдау оңайға соққан жоқ. Бірақ байқау болған соң біреуі озуы заңды. Маған Романның өлеңдері қатты ұнады", - дейді. 

Ал Алдаспан тобының мүшесі, көпшіліктің көзайымына айналып үлгерген Шамшадин Омаров: "Өлеңдердің тақырыптық, идеялық мазмұны мен көркемдік дәрежесіне баса назар аудардық. Қолымызға 100-ден аса өлең келіп түсті. Бәрін мұқият оқып, әнге сұранып тұрған өлеңдерді ғана таңдап алдық. "Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда" дегендей Нұртас пен Романның өлеңдері суырылып алға шықты", - деп өз ойын білдірді. 

Сонымен қатар қазылардың құрамында сайтымыздың тілшісі, Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, жас ақын Шерхан Талап та болды. Ол барынша ақындардың өлеңдерін сараптап, талдау жасады.

Естеріңізге сала кетейік, байқау қорытындысы бойынша Нұртас Тұрғанбек пен Роман Бұрқаштың өлеңдері үздік деп танылып, бірінші орынға ие болды. Екінші орын Айгерім Сариеваға бұйырса, үшінші орынды Айбек Шағатаев еншіледі.

Байқауға қатысып, белсенділік танытқан барлық ақындарға алғыс білдереміз!