Ән мәтіндеріне арналған байқаудың екінші жеңімпазы - Роман Бұрқаш

Ән мәтіндеріне арналған байқаудың екінші жеңімпазы - Роман Бұрқаш

Бүгін Массагет порталы ұйымдастырған ән мәтіндеріне арналған байқау жеңімпаздары жарияланғанын білесіздер. Байқау қорытындысы бойынша Нұртас Тұрғанбек пен Роман Бұрқаштың өлеңдері бірінші орынға ие болды. Жеңімпаз ақындардан сұхбат алудың сәті түсіп, назарларыңызға ұсынуды жөн көріп отырмыз.

- Роман, жүлдеңіз құтты болсын. Алдымен өзіңіз туралы айта кетсеңіз, қай жерде дүниеге келдіңіз? Қай оқу орнында оқыдыңыз?

- Рақмет. Мен Қызылорда облысында туып-өстім. Шымкент қаласындағы музыкалық колледжді бітіріп, Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түстік. Негізгі мамандығым домбырашы, сыбызғышы.

- Әнге қашаннан бастап сөз жаза бастадыңыз?

- Бұл сұрағыңызға былай жауап бергім келеді. «Махаббат қызық мол жылдар» романының авторы, белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықов: «Қазақ жазушыларының ішінде өзінің өнер жолын ақындықтан бастамаған жазушы кемде кем» дейді.  Айтқым келгені кез-келген қалам ұстаған қазақ өлең жазып бастайды. Сол сияқты кішкентай кезімізден ақындыққа құмартып, Мұқағали, Төлеген ақындардың поэзияларымен сусындап жетілдік.

- Жалпы өзіңіздің поэзиялық өлеңдеріңіз бар ма?

- Ес кіріп, етек жиғаннан кейін поэзиялық өлеңдерді  жазуды қойдық. Бірақ музыка мен поэзиядан кішігірім хабарымыз болғандықтан,  осы салада жүргендіктен оқта-текте түртіп қоятынымыз бар. Көбінесе қазір эстрадалық әншілерге сөз жазып береміз.

- Жазған ән мәтіндеріңізге қаламақы аласыз ба?

- Жақын достарымнан, жолдастарымнан алмаймын. Кейде бейтаныс адамдар келіп, өтініш білдіріп жататын жайттар болады. Алайда нақты осыншама сомма деп айтқан емеспін, өздері өнерімді бағалап қаламақымды береді.

- Әнге сөз жазу қаншалықты қиын?

- Оның өзіндік ерекшеліктері, қиындықтары бар әрине. Өйткені таза поэзияның әнге келмейтін тұстары көп. Ал кейбір ән мәтіндерін поэзия қылып оқу орынсыз. Өйткені ол екеуі екі дүние. Сондықтан  қатты ауыр да емес, жеңіл де емес, сол екі ортаны ұстанып жүрміз.

- Бүгінгі ән мәтіндерінің сапасына қандай баға бересіз?

- Сәтті шыққандар бар. Бірақ бүгінде көп жастар жеңіл әндерге үйір. Өз басым ән берді екен деп бәріне бәрдей жаза бермеймін. Сапасына міндетті түрде көңіл бөлемін. Ән қаншалықты ұнаса, сөз де соншалықты тез жазылады.

- Қазақ эстрадасындағы әншілерден кімдерге көбіне әнге сөз жазасыз?

- Меломен тобына, қыздарған құрылған Гауһартас тобына, Алдаспан тобына көбіне сөз жазып беремін. Сонымен қатар Алмас Алтынбеков деген талантты әнші жігіт бар. Осы уақытқа дейін жиырмаға жуық әнге сөз жаздық.

- Ал қазіргі уақытта нақты немен айналысып жүрсіз?

- Сайттарға, порталдарға мақала, блог жазумен айналысамын. Көбіне рухани сайттарға жариялаймын. Сонымен қатар аудармашы болып қосымша жұмыс істеймін. Кейде редакторлықпен де айналысам.

- Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз?

- Болашақта осы рухани тақырыптар аясында мақала жазу ойымда бар.

Алтын уақытыңызды бөліп, бізге сұхбат бергеніңізге үлкен рақмет. Сізге алдағы уақытта шығармашылық табыстар тілейміз. Әдемі әндеріңізбен, әсерлі сөздеріңізбен көпшілікті қуантып жүре беріңіз.

Сурет:ақынның жеке парақшасынан

Ж. Исакаев