Ән мәтіндеріне арналған байқаудың жеңімпаздары анықталды

Ән мәтіндеріне арналған байқаудың жеңімпаздары анықталды

Массагет порталы ән мәтіндерінің сапасын арттырып, қазақ музыкасының дамуына үлес қосу мақсатында байқау жариялаған болатын. Ережеге сай байқау жеңімпаздары анықталды.

Байқауға еліміздің әр аймағынан 47 автордан 110 шығарма келіп түсті. Ережеге сай ән мәтініне лайықтап жазылған махаббат тақырыбындағы кез-келген өлең қабылданды. 

Байқауға Халықаралық конкурстардың жеңімпазы, Ресейдің ең үздік жобасы «Хочу к Меладзе» телешоуының финалисі, әнші Әлібек Әлмәдиев пен Республикалық домбырашылар байқауының жеңімпазы, «Алдаспан» тобының мүшесі Шамшаддин Омаров және Мassaget.kz сайтының тілшісі, Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, жас ақын Шерхан Талап қазылық етті.

Ән мәтіндерін іріктеу барысында тақырыптық, идеялық мазмұны мен көркемдік дәрежесіне баса назар аударылды.

Сонымен, байқау қорытындысы бойынша Нұртас Тұрғанбек пен Роман Бұрқаштың өлеңдері үздік деп танылып, бірінші орынға ие болды. Екінші орын Айгерім Сариеваға бұйырса, үшінші орынды Айбек Шағатаев еншіледі. 

Алдын ала хабарлағанымыздай, жеңімпаз өлеңге әнші Әлібек Әлмәдиев пен «Алдаспан» тобының мүшесі Шамшаддин Омаров ән жазып, орындайды. Әнге алдағы уақытта арнайы бейнебаян түсіріледі. Жеңімпаз ақындардың сұхбаты бүгін Массагет сайтына жарияланады. Жеңімпаздарға бұдан бөлек арнайы сыйлықтар табысталады.

Байқауға қатысып, белсенділік танытқан барлық қатысушыларға алғыс білдіреміз!

Сурет: xfakts.ru

Н. Айдархан