Абайша сөйлесем...
жеке
блог

Абайша сөйлесем...

Осы күнге дейін көктемді ұнатпайтын бірде-бір жанды кездестірмеппін. "Жердің жүзін масатыдай құлпыртқан" көрікті көктем жылдың ең бейкүнә, нәзік, көркем мезгілі болса керек.

Қазір көктемнің дәл ортасы. Жылдың әр мезгілін мерекедей өткізетін адамдар үшін көкке шығып, демалыста қыдырыпшетел сапарын жоспарлайтын уақыт. 

Қолымыздан сусып бара жатқан аптада Ұлттық Ғашықтар күнін атап өттік. Биылғы Ғашықтар мерекесі жыл өткен сайын ауқым алып жатқанын ұқтым. Махаббатты ардақтап жазылған блогтардың санына қарап, сүйсінуге болады. Сіз де байқаған шығарсыз? Тек сәл ғана толысу жетіспей тұр бұл мейрамға. Уақыт көші түзетер...

♥ Ғашықтың тілі - тілсіз тіл,

Көзбен көр де, ішпен біл (Абай) ♥

Дәл қазір түлектер үшін қобалжу мен қарбаласқа толы мезгіл. Өйткені өте аз уақыттан кейін – ҰБТ! Ұлттық бірыңғай тест тапсыратын мыңдаған түлек қатарында менің сіңлім де бар. Сіңлім мен сіңлім қатарластарға тек сәттілік тілеймін! Ең бастысы – еңбек. Есесі қайтпас еңбек жоқ. ҰБТ сіздердің алғашқы үлкен сынақтарыңыз болғандықтан, осы сынақтан шын мықтының жеңіп шығуына тілектеспін!

♥ Мініңді ұрлап, жасырып,

Майданға түспей бәйге алма (Абай) ♥

Оқушылар болса жазғы демалысына дайындалып, өткен бір жылды таразыға тартып, қорытындылауға дайындалып жүрген болар.

Студенттер мен қызметкерлер де уақыттарын бос өткізіп жатпағанға ұқсайды. Түрлі шаралар мен кездесулер, спорт ойындары мен мәдени шаралар өміріміздің бір бөлігіне айналуда. Әр күніміз жаңа бір нәрсе үйренумен, өзіміз үшін жаңалық ашумен өтіп жатса керек. 

♥ Біреу үшін үйренсең,

Біреу білмес, сен білсең,

Білгеніңнің бәрі - тұл (Абай) ♥

Бәріміз бір шеңберді айналып, бір ырғақпен тұрмыс кешудеміз.

Зулаған көктемнің әр күнінде өзімізді өзіміз күзетіп, өмірдің бізге ұсынған сыбағасынан құр қалмайық. Алдағы ең басты мақсат – бақытты болу!

♥ Қарашы өз бойыңда түгел ме екен

Ыстық жүрек, өң-шырай, қуат пен күш? (Абай) ♥

Алдымыздағы аптада да порталымыз өмір сүруге қажетті жазбаларға толы болмақ.

♥ Шын сөз қайсы біле алмай,

Әр нәрседен құр қалма (Абай) ♥

Ендеше, Массагеттің мейманына мархабат! 

Сурет: vk.com