Өзіңізге қызықты іспен айналысып жүрсіз бе?

Өзіңізге қызықты іспен айналысып жүрсіз бе?

Бірінші кезекте қызықты іс дегеннің не екенін анықтап алайық. Ең маңызды шарт бірінші кезекте айналысып жатқан ісіңіз сізге рақат сыйлай ма? Екінші кезекте табыс көзі бола ала ма? Міне, осы екі факторға "иә" деп жауап бере алатын болсаңыз, бұл мақала сіз үшін емес. Сізде бәрі жақсы, сау болыңыз...

Бұл материалды әлі де оқып отырсаңыз, сіз жоғарыда аталған екі талаптың біріне "жоқ" дедіңіз (немесе екеуіне де). Енді қарастырып көрейік. Егер ісіңіз сізге рақат сыйлап, бірақ табыс көзіне айнала алмаса, бұл тек хобби ғана. Ал егер табыс әкеліп, бірақ рақат сыйламаса, бұл – жұмыс. Қызықты іспен айналысу үшін өзіңіздің жұмысыңыздан қаншалықты ләззат алатыныңыз және қаншалықты ақша табатыныңызды есептеуіңіз керек. Егер де расымен айналысып жүрген ісіңіз сіз үшін қызықсыз болса, неге өзге жолды іздеп көрмеске?

Жаныңызға жақын істің не екенін әлі де білмесеңіз, іздеп көрейік. Бірақ іздеуде мынадай қателіктерге бой алдырмауыңыз керек:

Сіз өзіңізге еш қызықсыз жұмысты істеуге талпынасыз. Сіз көптеген білім алып, қалтаңызды толтыратын іспен айналыссаңыз да ол сіздің өмірлік бағытыңызды айқындап берген жоқ. Ненің не екенін ұқпай, көштен қалмайсыз, әйтеуір. Сондықтан алдыңғы арбаның жолымен аяңдап келесіз.

Сіздің бұл іспен айналысуға қырыңыз жоқ. Әрбір адамның қандай да бір іске деген ебі болады. Кейбір істі дөңгелетіп әкете алса, ал кейбір іс оның алынбас қамалындай болып көрінеді. Әрбір істе де шебер болуға асықпаңыз, тек өз ісіңізді білетін маман болуға тырысыңыз. Осы жолда сіз өз межеңізді бағындыру мүмкіндігіне ие боласыз.

Бұл істің ешкімге де қажеті жоқ. Сіз айналысқыңыз келген іс ешкімге де қажет емес, өзгеге қызықсыз көрінген дүние сіздің де қызығушылығыңызды уақыт өте келе басып тастайды. Сіз, әрине, мұнымен тек хобби ретінде айналыса аласыз. Мәселен, марка немесе асық жинауды бәрі де ұната бермейді ғой?

Бәсекелестік жоғары. Сіздің айналысып жатқан ісіңізбен көптеген адам сізден бұрын да айналысып келген. Адамдардың тәжірибесінен әлдеқашан өтіп қойған дүниемен айналыспаңыз. Көшірме әрқашан да түпнұсқадан нашар. Сондықтан жаңашылдыққа ұмтылыңыз.  

Сіз өзіңіздің бірегей екеніңізді сезінбейсіз. Өз қабілеттеріңіз бен қырыңыздың қандай екенін бағамдай алмайсыз. Бұл іспен айналысып жатқан адамдардан ешқандай да айырмашылығыңыз жоқ.

Сіз әрекет етуге дайын емессіз. Сіз өзіңіздің ешқандай да қызығы қалмаған жұмысыңызда отырып алып, әрнені бір армандай бересіз. Бірақ сол арманыңызға қол жеткізу үшін бірде-бір іс жасамайсыз.

Сіз өзіңіздің қалауыңызға ерік бермейсіз. Жұмысыңызда жауапкершілік, жан, міндет, сезім сияқты дүниелерге назар аудармайсыз.  

Шын мәнінде сіз өміріңізді өзгерткіңіз келмейді. Егер сізге бұрынғы жұмысыңыз еш ұнамаса да ол үйреншікті жағдай болып көрінеді. Өміріңізді өзгерту – қиялыңыздан ары аса алмай жүр.

Өмірге деген теріс көзқарас. Өмірді өзгертуге деген сеніміңіздің жоқтығы. Әрқашан да жылаңқы күйде жүретін адамдардың өмірі қиын болады. «Егер қолыңыздан келеді деп ойласаңыз – қолыңыздан келеді. Ал егер қолыңыздан келмейді деп ойласаңыз – тиісінше келмейді» дейді Генри Форд.

Өз құныңызды білмейсіз. Өз күш-жігеріңізге сенбейсіз. Сіз өзіңізге қызықты әрі табысты іспен айналыса алатыныңызға, жақсы өмір сүре алатыныңызға нанбайсыз. Піл туралы ертегіні көзіңізге елестетіп көріңіз. Піл кішкентай болған кезде ешқайда қашып кетпеу үшін оны кішкентай жіппен байлап қояды. Ал ол өскен соң сол жіпті үзіп кете алатынын білмей, сол байлаулы күйі қала береді. Сіздің де дәл осы пілдің кебін киіп тұрмағаныңызға дәлел айта аласыз ба?

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: livetothefullest.ru

А. Құлтай