Teddy қонжығы және Америка Президенті

Teddy қонжығы және Америка Президенті
Фото: google.com

Тэдди аюының шығу тарихы Еуропа және Америка елінде үлкен танымалдылыққа ие. АҚШ-тың 26-шы Президенті Теодора Рузвельттің аты берілген қонжық әлемге танымал брэнд.

1904 жылы әлемге танылған бұл ойыншықтың шығуына АҚШ Президентінің тікелей қатысы бар. 1902 жылы саятшылықты ұнататын Рузвельт қоластындағылармен аңға шығады. Осындай сәттердің бірінде аңшылардың қолына түскен жаралы қонжық терекке байланып, қансырап жатады. Рузвельт кішкене аюға қару кезей алмай, өлтіруге қимайды. Десе де, қонжықтың қиналып жатқанын сезіп, қасындағыларға атуға бұйрық береді. Осылайша осы оқиғадан хабардар болған америкалық басылымдар бұл туралы жарыса жазады. 1902 жылы 16 қараша күні «Вашингтон Пост» басылымында жарияланған қонжықтың карикатуралық бейнесі бірден танымалдылыққа ие болады.

Одессалық Моррис Мичтом осы карикатуралық суреттің бейнесіндегі ойыншық қонжықты матадан тігіп, өз сөресіне іліп қояды. Ал қасына қосымша ретінде Рузвельттің карикатуралық бейнесіндегі қонжықтың суретін жапсырады. «Теодостың қонжығы» (Teddy’s Bear) деген жазуы бар бұл ойыншықтың танымалдылығы осылайша одан әрі арта береді. Халық сүйкімді аюдың ойыншығын ұнатқаны соншалық – Тэддиді тапсырыс бойынша тігуді сұрайды. Мұндай үлкен сұраныс болады деп күтпеген Морис Мичтом зайыбы Роза екеуі Тэдди ойыншығының бірнеше данасын тіге бастайды. 1903 жылы ісі өрге дөңгелеген Морис Президент Рузвельтке хат жолдап, өзінің ойыншығын Теодор есімінің қысқартылған нұсқасы ретінде Тэдди деп атауға рұқсат сұрайды. Ешқандай қарсылық білдірмеген АҚШ Президенті Мористің хатына қуанышты жауап қайтарады.

100 жылдан астам тарихы бар кішкене аюдың қазір түрлі көлемдегі түрлері бар. Биіктігі екі жарым метр болатын қонжықты ер жігіттер көбіне жұбайларына, сүйіктілеріне сыйлайды. Тэдди қарапайым жұмсақ ойыншықтарға қарағанда едәуір қымбат тұрады. Өйткені, ол – әлемдік брэнд.

Дайындаған: Аслан Қажиев

Massaget