Қазақтан шыққан генералдар

Қазақтан шыққан генералдар
Фото: akorda.kz, YouTube

Генерал болуды армандамайтын сарбаз жоқ... Бұл қанатты сөзге айналып үлгерген орамды ойды бір рет болсын естіген боларсыз. Генерал болуды армандаудың өзі - жауынгердің өз өмірін Отан қорғау ісіне түбегейлі арнағанын білдірсе керек.

Қарапайым сарбаздан генерал атағына дейін жету – бір қарағанда бағынбайтын белес, алынбайтын асудай көрінуі мүмкін. Бірақ бағынбайтын белес, алынбайтын асу жоқ. Бар қажыр-қайратыңды жинап, күш-қуатыңды салып, ерік-жігеріңді қайрасаң – бұл белесті басып, асудан асып, өз биігіңе шыға аласың. Оған дәлел – қазақ генералдары.

Еліміздегі ең жоғары әскери атақ – Армия генералы. Кеңес одағы кезінде бұдан жоғары атақ маршал бар болатын. Бұл шен сол кезде санаулы адамдарға берілді. Қазір әлем елдерінде мұндай әскери шен жоқ.

Әлем тарихында маршалдан да жоғары генералиссимус деген атақ болған. Бұл латын тілінен аударғанда ең жоғары басшы деген мағынаны білдіреді. Бұл әскери атақ та қазір ешбір елде қолданылмайды. Әлемде бұл атақты 53 тұлға иеленген.

Генералдың да генералы бар. Бұл шенге жеткенде де жоғарылау бар. Ертеректе генералдықтың биік шыңына шыққандарды "толық генерал" немесе "төрт жұлдызды генерал" деп атаған. Төрт жұлдыз деуі тегін болмаса керек. Өйткені генералдардың өздері шеніне қарай төрт сатыдан тұрған. Қазір еліміздің жоғары офицерлер құрамына генерал-майор, генерал-лейтенант, генерал-полковник кіреді. Ал ең жоғарғы шен – Армия генералы.

Қазақстанның тарихында генералдың барлық жұлдызын тағып, армия генералы атанған екі-ақ азамат бар. Екеуі де - "Халық қаһарманы". Алғашқысы Кеңес одағының Батыры, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі - Сағадат Нұрмағанбетов. Армия генералы шенін алған екінші азамат - Мұхтар Алтынбаев. Қазақстанның Қорғаныс министрі қызметін екі мәрте (1996-1999 және 2001-2007 жылдары) атқарған.

Мамыр айының басында Елбасы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әскери қызметкерлерді мәртебелі шендерімен марапаттады. Тәуелсіз қазақ еліндегі генералдар саны 22-ге артты.

Елбасы ширек ғасырдан астам уақыт ішінде Қазақстан антқа берік, аманатқа адал айбынды армия тәрбиелеп, оны жабдықтап келеді. Сайыпқыран сардарлар мен сарбаздардың қастерлі тәуелсіздігіміздің қорғаны бола білгенін атап өтіп, алдағы уақытта да бола беретініне сенім білдірді.

- Баһадүр бабалардың ерен еңбегін егемен елдің ерлері лайықты жалғастыруда деп айтуға болады. Бүгін бір топ азаматтың жоғары наградалармен марапатталуы соның айқын дәлелі. Мен осы марапаттауға келе жатып, "74 жыл кеңес одағында болған уақытта қай адамға генерал шені тапсырылды?" деп ойландым. Бүгін бір күннің ішінде 22 атақ берейін деп отырмын. Тәуелсіздік алған кезде елдің әскерін басқаратын бір генерал іздеп, жалғыз Нұрмағамбетовты тапқан болатынмын. Еш уақытта осыны естен шығармаңыздар. Ел болып, тәуелсіз Қазақстан болғаннан кейін Бас қолбасшысы өз қолымен осындай атақ береді", — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кеңес одағы кезінде қазақтан шыққан генералдар саусақпен санарлық қана болатын. Зерттеушілер Ақ патша әскері кезінде де қазақтан генерал атағын алғандар барын айтады.

Қазақ арасынан шыққан алғашқы генерал Бөкей ордасының ханы - Жәңгір Бөкеев. Оған бұл әскери шенді 1840 жылы император І Николай берген. ХІХ ғасырдың 50-60-жылдары орыс армиясында қызмет ететін тағы екі қазақ офицерге генерал-майор атағы берілді. Олар – Баймұхамед Айшуақов және Мұхамеджан Баймұхамедов.

Жәңгір ханның ұлы Fұбайдолла Жәңгіров қазақтан шыққан тұңғыш кавалерия генералы саналады. 1856 жылы Санкт-Петербургтегі паж корпусын бітіргеннен кейін корнет шенінде лейб-гвардиялық казак полкінде қызмет етті және князь атағына ие болған. 1877-78 жылы орыс-түрік соғысына қатысып, генерал-майор шенін алады. 1888 жылы генерал-лейтенант, ал 1894 жылы кавалерия-генералы (қазіргі полковник шенімен дәрежелес) атақтарына қол жеткізеді. "Түркістан өлкесін басқару жөніндегі ережені" дайындауға қатысқан. Ол, әсіресе, 1877-1878-жылдардағы Балқан соғысы кезінде ерекше көзге түсті. Оған ерекше ерлігі үшін 1878 жылы генерал-майор атағы беріледі, 1888 жылы генерал-лейтенант атағын алады, ал 1894 жылы инфантерия генералы атағы берілді.

Алашорда үкіметінің әскеріне жетекшілік еткен Сабыр Сарығожиннің де генерал шені болған. Оның өмірі туралы зерттеулер аз кездеседі.

Кеңес тарихындағы ең алғашқы қазақ генерал Шәкір Жексенбаев болды. 1943 жылдың қазан айында оған техникалық әскердің генерал-майор атағы берілді. Бұл жоғары лауазымды атақ - оның соғыстағы жеке басының ерлігінің, армия алдындағы орасан зор еңбегінің айғағы. Дәл осы жылы Сабыр Рахымов та генерал-майор атағын. Ол кезде Өзбекстан өкілі болып саналатын. Сондай-ақ соғыстан кейінгі кезеңде Нұрлы Байкенов (1962 ж, генерал-майор), Сағадат Нұрмағанбетов (1964 ж, генерал-майор), Камал Бошаев (1965 ж, генерал-майор), Самұрат Сыртанов (1968 ж, генерал-майор), Баһадүрбек Байтасов (1972 ж, генерал-майор), Есет Әлібеков (1978 ж, генерал-лейтанант), Жансен Кереев (1979 ж, генерал-лейтанант), Болат Есмамбетов (1980 ж, генерал-майор), Жармұхамед Қойшыбаев (1984 ж, генерал-майор) мәртебелі шенге ие болды.

Бүгінде елімізде 350-ге жуық генерал бар екен. Олардың қатарында нәзік жанды ару да бар. Қазақстан тарихында тұңғыш рет генерал шенін алған әйел прокуратура саласынан шықты. Ол – Сәуле Айтбаева. 2013 жылы мәртебелі марапатты Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан алды. Қазіргі таңда Сенат депутаты.

Қазақтан шыққан генералдар туралы аз-кем ақпарат бере кеттік. Бұл тақырып төңірегінде "Генералы Казахстана" деген атаумен орыс тілінде шыққан энциклопедиялық анықтамалықтан толығырақ ақпарат алуға болады.

Орыстарда "Генерал - шен емес, генерал - бақыт" деген сөз бар. Мансап жолыңдағы ең биік шыңды бағындыру – бақыт емей, немене?! Тәуелсіз елдің тірегіне айналған қазақ әскеріндегі бақытты жандардың қатары арта бергей!

О. Сансызбай