Батыр Бауыржан мен "герой"

Батыр Бауыржан мен "герой"
Фото: ult.kz

Ұлт мақтанышы батыр Бауыржан туралы аңыз көп. Ел арасында оның батыр ғана емес, сөзге шешен болғандығын көзін көрген игі жақсылардың естелігінен білеміз. Батырдың бір сапарындағы қызықты оқиғасын оқи отырыңыздар!

Бауыржан Момышұлы бір күні пойызбен сапарға шығады. Үстінде қарапайым ғана қазақы киім. Вагон ішінде арлы-берлі сапырылысқан жолаушылар Батыр ағаға жол бере қоймапты. Купеге кіретін жерде де қарбалас екен, қолындағы заттарын қояйын десе, бір дәу қазақ шынтағымен тіреп: "Ей, арық қойша тырмыспай әрмен тұра тұрсаңшы", — деп жолын бөгепті. Ашуға булыққан Баукең сабыр сақтап, жайғасып алғанша үндемепті. Орналасқан соң әлгі дәу қазаққа отты жанарын қадай түсіп: 

— Ал енді таныспаймыз ба, бір үйге тіреу болғандай бой-сойыңыз бар екен, кім боласыз? — депті. Сонда әлгі палуан қазақ ыңыранып, сірә, мақтаныштан да кетәрі емес:

— Кім екенімді танымай отырсың ба, Герой боламын, — деп омырауындағы Алтын Жұлдызын ырғап қойыпты. Намысы келген Баукең енді:

— Бұл Батыр атағын не үшін алдыңыз? — деп қатқылдау үнмен тіл қатады.

— Жүз биеден жүз құлын алғаным үшін, — депті дәу қазақ гүрілдей сөйлеп. Одан сайын намыстанған Баукең:

— Айғыр шапты, байтал тапты! Онда сенің қандай қатысың бар?! Герой атағын саған емес, жүз құлын таптырған айғырға беру керек еді. Ал мына мен Мәскеу түбінде — Волокаламск тас жолында қалың жауды жайратсам да, омырауыма бір де медаль таққаным жоқ, бірақ халық қойған Батыр атағым бар!

Сонда барып сапар жолаушысының кім екенін сезінген дәу қазақ не дерге білмей сасқалақтап:

— Япыр-ай, Бауыржан деген адам сіз боласыз ба... Сіз боласыз ба? — дей беріпті.

Ж. Жұмағұлов