Алматы маңында тағы да жер сілкінді

Алматыдан 282 шақырым жерде жер сілкінісі тіркелді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

ҚР ТЖМ "Сейсмология институты" ЖШС сейсмикалық станциялар желісі жер асты дүмпуін 25 қаңтарда Астана уақытымен 10:21-де тіркеді.

"Жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 282 шақырым жерде Қытай аумағында орналасқан. Магнитудасы - MPV 4,3", - делінген хабарламада. 

Қазақстан аумағында сезілгені туралы мәлімет жоқ. Сегіз минуттан кейін сол ауданда 4,5 балдық жер сілкінісі болды.

Еске салайық, бұған дейін Алматы маңында бір түнде алты жер сілкінісі болғаны хабарланған еді. 

23 қаңтарда Алматыда жер сілкінісі болды. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі "НТЦСН и И" сейсмикалық станциялар желісі Алматы уақыты бойынша сағат 2024 жылғы 23 қаңтарда сағат 00:09:02-де (2024 жылғы 22 қаңтарда Гринвич бойынша 18 сағат 09 мин 02 сек) жер сілкінісі тіркелгенін хабарлады. Жер сілкінісі MSK-64 шкаласы бойынша Алматыда 5 балл, Шымкент 2 балл болып сезілген. 

Артынша жер сілкінісі тағы да сезілді. Көп ұзамай жер сілкінісінің үшінші толқыны сезілді.  

Алматыда жер сілкінісі қайталанбайды

Сейсмикалық болжау комиссиясы Алматыдағы жағдай бойынша қорытынды жасады. Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығының базасында комиссия Алматы болжамдық полигонының аумағындағы сейсмикалық жағдайға бағалау жүргізеді. Оның қорытындысы бойынша комиссияның кезектен тыс отырысының хаттамасы дайындалады.

"Комиссияның қорытындысына сәйкес күшті және жойқын жер сілкінісі күтілмейді", - деп жазылған хабарламада.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдын ала жоспарланған жұмыс кестесіне сәйкес 24-25 қаңтар күндері Алматыға барады. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады. 

Президент мегаполистегі бірқатар нысанды аралайды. Соның ішінде Қаңтар оқиғасынан кейін күрделі жөндеуден өткен әкімдік ғимаратына барып, қаладағы жағдайға байланысты жиын өткізеді.

Алматы қалалық полиция департаментінің қызметтері мен бөлімшелері қызметтің күшейтілген нұсқасына көшірілді. Қаладағы жағдай тұрақты

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!