Майқайыңдағы апат: Бас прокуратура мәлімдеме жасады

Майқайыңдағы апат: Бас прокуратура мәлімдеме жасады
Фото: Валерия Бугаева

Павлодар облысы Полиция департаментінің тергеу басқармасы 4 қаңтарда Баянауыл ауданы Майқайың кентіндегі "Майкаинзолото" АҚ аумағында болған оқиға фактісі бойынша ҚК 277-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Тау-кен жұмыстарын жүргізу қауіпсіздігі ережелерін бұзушылықтарды тергеу жөніндегі комиссия құрылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жолдың опырылуы салдарынан тау-кен карьеріне апаттық-құтқару қызметінің 4 қызметкері бар автобус құлағаны анықталды, 2 адамның денесі сол күні шығарылды. Іс бойынша процессуалды прокурорлар тағайындалды. Қазба орнынан автобустың бірнеше фрагменттері мен құтқарушылардың жеке жабдықтары жер бетіне көтерілді.

Қазіргі уақытта оқиға орнына жол салу үшін топырақ шығарылып, геосканерлеу жүргізілуде, шағын көлемді экскаваторлар түсірілді, екі құтқарушыны іздеу жалғасуда.

"Тау жыныстарының тұрақсыздығына және шұңқыр астында қуыс жерлер пайда болып, топырақтың басуына байланысты жұмыстарды жүргізу қиындауда. Іздестіру-құтқару жұмыстарына 147 адам, 45 бірлік техника, 3 кинологиялық есеп және 2 ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылды. Қылмыстық істі тергеу шеңберінде кәсіпорынның 40-тан астам қызметкерінен, сондай-ақ ЖШС басшылығынан жауап алынды, қажетті құжаттар, бейнебақылау камераларынан жазбалар алынды", - делінген хабарламада.

Іс бойынша жолдың опырылып құлау себептерін анықтау үшін елдің әртүрлі аймақтарынан тау-кен-құрылыс жұмыстары саласының мамандарын тарта отырып, бірқатар сараптамалар тағайындалды.

Тергеу Бас прокуратураның бақылауында.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы