Түркістан облысында екі жігіт садақа жәшігінен ақша ұрлап кеткен

Түркістан облысында екі жігіт садақа жәшігінен ақша ұрлап кеткен
Фото: instagram

Түркістан облысында екі жігіт садақа жәшігінен ақша ұрлап кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жетісай аудандық полиция бөліміне садақа жәшігіндегі ақшаның қолды болғаны туралы мешіт қызметкері шағым түсірген. Оның айтуынша, түнгі уақытта белгісіз біреу қайыр садақа салынған мешіт алдындағы темір жәшікті бұзып, ішіндегі ақшаны жымқырып кеткен. Ақпарат алысымен оқиға орнына жылдам жеткен тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шараларын жүргізді.

Нәтижесінде күдікке ілінген 18 жастағы жұмыссыз екі жігіт анықталды. Тергеу барысында анықталғандай, күдікті жігіттер өзара сөз байласып түнгі сағат 2:30 шамасында екі бірдей мешітке ұрлыққа түскен. Содан садақа жәшігін темір құрал "монтировкамен" бұзып ашып, ішіндегі ақшаларды жымқырған. Қолды еткен ақшаны екеуара бөліп алған.

Қазіргі таңда қоскүдікті жігіттерге қатысты «Ұрлық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина