"Қардың үстімен жалаңаяқ жүру". Ағзаны қалай дұрыс шынықтыру керек?

Ағзаны шынықтыру – иммунитетті табиғи жолмен көтерудің ең дұрыс жолы. Алайда шынығамын деп бірден үстіңізге мұздай су құйып жіберуге немесе аязда далада суық суға түсуге болмайды. Ендеше, Massaget.kz ағзаны қалай дұрыс шынықтыру керегін ұсынады.

Адам терісінде көптеген "суық рецепторлары" бар. Оларды тітіркендіру арқылы бүкіл ағзаға әсер етуге болады. Дұрыс шынықтырушы процедуралар иммунитетті қатайтуға және жылуды реттеуді жақсартуға көмектесе алады. Сондай-ақ шынығу ағзадағы зат алмасуды реттейді, жүрек пен қан тамырларды тонуста ұстайды және жүйке жүйесін қатайтады. Шынығу артық салмақтан арылуға, тері тонусын арттыруға көмектеседі және ағзаға сергектік сыйлайды.

Сау адам ғана шынығу процедураларын жасай алады

Тұмау және вирустық аурулармен ауырып жүрсеңіз немесе теріңізде іріңді жаралар болса, шынығу процедураларын кейінге қалдырыңыз. Сондай-ақ көз қысымымен қиналатын адамдарға шынығу процедураларын жасауға тыйым салынады. Жүрек ишемиялық ауруы, жүрек жеткіліксіздігі, тахикардия секілді аурулар кезінде де шынығу процедураларын мүлдем жасауға болмайды.

Шынығуды біртіндеп бастау керек

Ағза күйзеліске түсіп кетпес үшін шынығуды бетіңізді суық сумен жуудан бастаған жөн. Мысалы, бөлме температурасындағы судан бастаңыз да, оны күнде біртіндеп түсіре беріңіз. Бетіңіз суық суға үйренген соң жайлап үстіңізге су құюды бастауға болады.

Үстіңізге суық су құю

Шынығудың ең қарапайым әрі қолжетімді әдісі – үстіңізге суық су құю. Бұл процедураны таңертең жасаған жақсы. Бастапқыда кешкісін шелекке суық су құйып, бөлме температурасында қалдырыңыз. Содан соң таңертең оны бірнеше рет қолыңызға, аяғыңызға және мойныңызға құюға болады. Осылай екі апта бойы жасаған соң суды бүкіл денеңізге құйып жіберіңіз. Әр 10 күн сайын су температурасын 5°C-қа түсіріп отырыңыз.

Қарама-қарсы душ қабылдау

Судың қарама-қарсы әсері жүрек және қан тамырларды қатайтады, ағзадағы зат алмасу процестерін іске қосады. Ол үшін 10-30 секунд – ыстық душ, 10-30 секунд – суық душқа түсіңіз және осы циклді үш рет қайталаңыз.

Оны 10 секундтан бастап, 2 аптадан соң 20 секундқа, тағы 2 апта өткенде 30 секундқа дейін арттырған жөн.

Аяқты суық суға салу

Табанды шынықтыру да - әркімге қолжетімді әдіс. Ваннаның түбіне бөлме температурасындағы суды құйып, 2-3 минут ванна ішінде бір орында тұрып жүріңіз. Әр 2-3 күн сайын су температурасын жайлап түсіріңіз. Бұл шынығу процедурасы иммунитетті арттырып қана қоймай, табаны терлейтін адамдарға бұл проблемадан арылуға көмектеседі.

Қардың үстімен жалаңаяқ жүру

Табанда басқа жерлерге қарағанда температуралық рецепторлар көп. Қардың үстімен жалаңаяқ жүру – дәстүрлі емес және даулы процедураның бірі: біреулер бұл процедураны қолдаса, басқалары оған қарсы. Егер шынығудың осы әдісін бастағыңыз келсе, алдымен аяғыңызды салқын суға салып үйретіңіз. Сондай-ақ қар басқан асфальт немесе бетонның үстімен емес, қар басқан жердің үстімен жүруге тырысыңыз. Бастапқыда аз уақыттан бастаңыз. Содан соң біртіндеп уақытты созуға болады. Бір орында тұрмаңыз, қардың үстімен жүріңіз. Содан кейін аяғыңызды сүлгімен сүртіп барып, аяқ киім киіңіз. Одан соң үйге кірген жөн.

Қармен сүртіну

Қар суық суға қарағанда денені жай салқындатады. Сондай-ақ қармен теріні зақымдап алу қаупі аз. Алайда бұл процеудараға да біртіндеп үйрену керек. Егер шынығуды енді бастап жатырсаңыз, денені қармен далада сүртуге болмайды. Шелекке немесе легенге қар салып алып, оны ваннаға немесе моншаға әкеліп, қармен үстіңізді сүртіңіз.

Маңызды: кез келген шынықтырушы процедураның алдында денені қыздырып алу үшін жеңіл жаттығулар жасау керек.

Жоғарыда айтқандай, шынығудың адам ағзасына пайдасы мол. Алайда бірден суық суға түсуге жүгірмеңіз. Мұндай процедураларды бастамас бұрын дәрігерге көрініп, ағзаңыздың ерекшеліктері жайлы біліп, оған қарсыкөрсетілім бар-жоғын біліп алған жөн. Егер дәрігер мұндай шынығу процедураларына ешқандай қарсыкөрсетілім жоқ екенін айтса, оны біртіндеп бастауды ұмытпаңыз.

Еске салайық, жақында Ақтөбе облысында балаларды қарға шығарып, шынықтырған балабақша қызу талқыға түскен болатын.