Павлодар облысында тұрғындардың сеніміне кіріп, алаяқтық жасағандар ұсталды

Павлодар облысында азаматтардың 25 миллион теңгесін жымқырған алаяқтардың қылмыстық тобы ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Қылмыстық топ ұзақ уақыт бойы Ақсу қаласының тұрғындарының, оның ішінде Ақсу ферроқорытпа зауытының қызметкерлерінің түрлі көмек көрсету сылтауымен сеніміне кіріп, қомақты қаражатты иемденген. Қылмыстық топтың құрамында Ақсудың екі тұрғыны болды. Ұстау шараларын Павлодар облысы прокуратурасының үйлестіруімен облыстық полиция ведомствосының ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел қызметкерлері жүргізген.

"Ұсталғандар алаяқтықтың 6 дерегіне қатысы бар деген күдікке ілініп отыр. Шығын көлемі 25 миллион теңгеден асады. Сондай-ақ күдіктілердің Павлодар облысының аумағында болған басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріледі. Алаяқтық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілер Ақсу қалалық ПБ УҰИ-ға қамауға алынды", - деді облыстық ПД ҰҚҚКБ бастығының міндетін атқарушы Диас Қадыров.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына, Қазақстан Республикасы қылмыстық-процессуалдық кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес адам өзінің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен танылғанға дейін қылмыс жасағаны үшін кінәсіз деп есептеледі.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Сатыбалдина