Күніне 1-2 рет қана тамақ жесе не болады?

Күніне 1-2 рет қана тамақ жесе не болады?
Фото: pixabay.com

Көп адам таңғы ас ішпей, біржола түскі ас ішеді. Кейде күндіз далада келе жатып, бірдеңе жей салады. Осылайша, күніне тек 1-2 рет тамақтанады. Салмағыңызда ешқандай өзгеріс болмағасын, осылай тамақтана беруге болады деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда дәрігерлер бұлай тамақтануға қарсы. Диетолог және эндокринолог Виктория Гончар күніне 1-2 рет қана тамақ жеу ағзаға қалай әсер ететінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Doctorpiter"-ге сілтеме жасап.

Күніне аз дегенде үш рет тамақтану керек. Бірақ төрт-бес рет тамақтанған жақсы. Оған үш негізгі тамақтану – таңғы ас, түскі ас, кешкі ас, сондай-ақ бір-екі рет тіскебасар жеу (мысалы, таңғы ас пен түскі ас ортасында және бесіндік кезінде) жатады. Алайда көпшілік таңғы ас ішпейді, сондай-ақ жұмыста тапсырма көп болса, түскі асты та ішпей қояды. Нәтижесінде күндіз толыққанды емес тіскебасарлар жеу мен кешкі ас ішу ғана қалады. Мұндай тамақтану режимі асқорыту және ағза саулығы үшін қолайлы емес.

Күніне 1-2 рет тамақтану әдетінен арылуға 4 себеп

1. Сирек тамақтанудан зат алмасу баяулауы мүмкін.

"Күніне тамақтану санын бір-екеуге дейін қысқарту зат алмасудың баяулауымен қауіпті, - дейді дәрігер-диетолог. – Егер тамақты сирек жесеңіз, ағза қоректік заттарды баяу жұмсап, көбірек қорға алып қоя беруі мүмкін. Бұл артық салмақ қосуға, түрлі созылмалы ауруларға әкелуі мүмкін".

2. Сирек тамақтану сондай-ақ қандағы глюкоза деңгейін бірден өзгертуі мүмкін.

"Түскі ас пен кешкі ас арасындағы ұзақ үзіліс қандағы қант деңгейінің бірден өзгеруіне және оның түсіп кетуіне әкеледі. Сол үшін адам күшін жоғалтады және ашуланшақ болады. Содан соң ағзаға тамақ түскен кезде глюкоза тамақтан алынып, жылдам жоғары көтеріледі, оның артынан ұйқы безі бөлетін гормон - инсулин де артады. Мұндай "инсулиндік тербелістер" үнемі болып тұратын болса, инсулинге төзімділік даму қаупі артады. Ал бұл жағдай 2-типті қант диабетіне әкелуі мүмкін", - дейді Виктория Гончар.

3. Күніне 1-2 рет тамақтансаңыз, келесі тамақ ішу кезінде артық тамақтану қаупі бар.

"Егер адам түскі асты ішпесе, кешкі ас жақындағанда қарны қатты ашады, - деп түсіндірді диетолог. – Ағза мұндай жағдайда күндіз тамақ ішпегеннің орнын толтырғысы келіп кешкісін үлкен порция мен қосымша калория сұрайтын болады. Адам қарны ашқан кезде қажеттіден үш есе артық тамақ жеп қоюы мүмкін. Оған қоса, қаншалықты тамақты жылдам жесеңіз, соншалықты көп калория тұтынасыз".

4. Мұндай шектеудің тағы бір салдары – қоректік заттардың жетіспеуі.

"Күніне екі рет тамақтану ағзаға қажетті дәрумендер мен микроэлементтердің тәуліктік нормасын алуға жетпеуі мүмкін", - деді дәрігер.

Күніне неше рет тамақтану керек?

Бұл жайлы диетологтардың ойы әртүрлі.

Бұл сұрақтың жауабы адамның жеке қажеттіліктері, мақсаттары және өмір стиліне байланысты өзгеріп тұрады. Алайда көпшілік адамға үш рет тамақтанудан тұратын дәстүрлі рацион келеді: таңғы ас, түскі ас және кешкі ас. Оларды бір немесе екі рет тіскебасар жеумен толықтыруға болады. Бастысы, рациондағы қоректік заттар тепе-теңдігін және өзіңіздің жеке калория нормаңызды сақтау керек - деп қорытындылады маман.

Оқи отырыңыз: Бір апта ет жемесе не болады?

А. Жапатова