Бір апта ет жемесе не болады?

Бір апта ет жемесе не болады?
Фото: pixabay.com

Ет – ақуыз бен қоректік заттардың көзі. Бірақ қазір кей адамдар уақытша еттен бас тартып жатады. Олар әртүрлі себеппен еттен бас тартуы мүмкін. Мысалы: емдік диета ұстау, қоршаған ортаға қамқорлық жасау немесе тамақтанудың жаңа стилін байқап көру. Егер бір апта ет жемесеңіз, ағзада қандай өзгерістер болуы мүмкін?

Біп аптаға еттен бас тартудың артықшылықтары:

Өсімдік өнімдерін көп қолдану. Бір аптаға еттен бас тарту көкөністер, жемістер, жаңғақтар, дәндер және басқа да өсімдік өнімдерін көп жеуге итермелеуі мүмкін. Бұл ағзаны дәрумендермен, минералдармен және тағамдық талшықтармен байытуға ықпал етеді.

Асқорытудың жақсаруы. Өсімдік негізіндегі диета тағамдық талшықтарға бай. Олар асқорытуды жақсартады және ішқатудың алдын алады.

Жүрек-қан тамырлар жүйесінің жақсаруы. Әдетте, өсімдік өнімдерінде май мен холестерин көп емес, бұл жүрек-қан тамырлар жүйесі жағдайын жақсартады.

Жаңа өнімдермен тәжірибе жасау. Бір аптаға еттен бас тартқандықтан, етсіз дәмді тағам істеу үшін түрлі жаңа рецептілер іздейсіз. Соның нәтижесінде жаңа тағам түрлерімен танысуыңыз мүмкін.

Калорияның азаюы. Жануар ақуыздары әдетте калориялы болып келеді. Ал уақытша еттен бас тарту диетаның калориясын азайтуға көмектеседі.

Бір аптаға еттен бас тартудың кемшіліктері:

Нақты қоректік заттардың жетіспеуі. Ет - жоғары сапалы ақуыз, темір, мырыш және В тобы дәрумендерінің көзі. Осы заттардың жетіспеушілігі болмас үшін еттен бас тартқан кезде оған балама өнімдерді мұқият таңдау қажет.

Ағзаның жағымсыз реакциясы. Кей адамдар еттен уақытша бас тартқан кезде ағзасынан жағымсыз өзгерістер байқауы мүмкін. Мысалы, асқорытуында қандай да бір өзгерістер байқалуы мүмкін немесе энергиясы азайып кеткенін сезуі мүмкін.

Ескерту: Арасында бір апта еттен бас тарту ағзаңыз үшін қызық әрі пайдалы тәжірибе болуы мүмкін. Алайда мұндай шешім қабылдамас бұрын міндетті түрде дәрігеріңізбен ақылдасуыңыз керек.

Еттен кейін газдалған сусын ішу дұрыс па? Мына жерден оқыңыз.

А. Жапатова