"836 миллион бөлінген". Астанадағы мұз қалашықтар еріп кетпей ме?

"836 миллион бөлінген". Астанадағы мұз қалашықтар еріп кетпей ме?
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада қомақты қаржыға салынған мұз қалашықтары еріп кетуі мүмкін бе? Ол үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді. 

Еске сала кетсек, Павлодарда 53 миллион теңгеге салынған мұз қалашық еріп кетті. Жергілікті әкімдік биыл жаңа жылды тойлауға 185 млн теңге бөлген. Өңірде соңғы аптада ауа-райы +3 грудасқа дейін жылып кеткен. Жергілікті әкімдіктің әрекеті көпшілік тарапынан сынға ілікті. Ал құқық қорғау органдары қаржылық талдау жасалып, тексеру жүргізілетінін мәлімдеді.

"Бұл жағдай Астанада қайталанбай ма?", "Қала бойынша биыл қанша мұз қалашық салынды?", "Оған қанша қаражат бөлінді?"

Cебебі елорда да соңғы соңғы апта күн райы -3 және - 7 градус аралығында ғана көрсетіп тұр. Бас шаһардың жолдарында су жиналып, жауған қарлар бірден еріп кетіп жатыр. Астана қаласының әкімдігінен сұрап білдік.

"Қаланың барлық аудандарында мұз айдындары, сырғанақтар, фотозоналар мен жаңажылдық шағын архитектуралық формалар қойылады. Жалпы саны 60 мұз айдыны мен сырғанақтарды құру жоспарланған. Қала тұрғындары мен қонақтары бұл игіліктерді қыс бойы ақысыз (коньки, ватрушка сынды жеке жабдықтарды қоспағанда) қолданатын болады. Демалыс орындарын құру - аудандардың өз құзырында. Биыл осы жоспарға Сарыарқа ауданы - 146 миллион теңге, Байқоңыр ауданы - 83 миллион теңге, Алматы ауданы - 105 миллион теңге, Есіл - 352 миллион теңге, Нұра - 150 миллион теңге қарастырған", - деп жауап берді Астана қаласының әкімдігі Massaget.kz тілшісіне.

Сондай-ақ әкімдік "мұз қалашықтар еріп кетуі ме және уақытша салынған қалашық қаржы жымқырудың (жемқорлық) амалы емес пе?" деген сұрақққа жауап берді.

"Ешбір жерде мұзды сырғанақтар таза қардан құйылмайды. Көп жағдайда тірек ретінде шағын архитектуралық формалар қолданылады. Қазіргі уақытта сырғанақтардың көбі Snow Plast материалын қолдана отырып салынады. Бұл материал пластиктен жасалғандықтан, қыста да, жазда да сырғанауға мүмкіндік береді. Мұз айдындарына келсек, олар мамандардың қадағалауында. Қажет жағдайда мұз айдындарына қосымша мұз қабаты құйылып отырады. Барлық сұрақтар аудандық әкімдіктердің бақылауында", - деді қала әкімдігі.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget