"Балабақшада 5 сағат бойы қансырап жүрген". Сәтбаев тұрғыны жантүршігер жайтты айтты

"Балабақшада 5 сағат бойы қансырап жүрген". Сәтбаев тұрғыны жантүршігер жайтты айтты
Фото: Көрнекі сурет:©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Сәтбаев қаласының тұрғыны қызы балабақшада ауыр жарақат алғанын айтып, дабыл қақты. Бұл мәселе "Көреміз" бағдарламасында айтылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бағдарлама мәліметінше, 10 қарашада Үміт Байдалинованың қызы балабақшада ауыр жарақат алған. Ал балабақша қызметкерлері балаға ешқандай көмек көрсетпеген.

Кішкентай қыздың анасының сөзінше, тек сағат 16.45-те ғана екінші ауысымдағы тәрбиеші бала орындықтан құлап, жыныс мүшесін жарақаттағанын айтқан. Сондай-ақ, ол мұны бірінші кезектегі тәрбиешіден емес, баланың өз аузынан естігенін жеткізіпті.

видеодан алынған кадр

"Бала қатты қорқып қалған. Үйге келген кезде де "мама тиіспеші" деп дәретке отырмады", - деді қала тұрғыны.

Кейін әйел қызын қалалық ауруханаға апарған.

"Баламның жағдайы анадай ойлаған жоқпын. Дәрігер ашып қарағанда, ұйыған қан болды. Көріп шошып кеттім", - дейді ол.

Баланың ата-анасы бейнебақылау камераларын жіті тексерген. Олар енді тәрбиешінің кетуін, оны балалардан оқшаулау керегін талап етіп отыр. 

Бағдарлама аяғында редакция, сарапшылар кішкентай балақайдың жағдайы мен осы істің толық шешілуіне атсалысатынын жеткізді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова