Араб ұсталары арнайы жасаған: Қажымұқан Мұңайтпасұлының қанжары музейге табысталды

Араб ұсталары арнайы жасаған: Қажымұқан Мұңайтпасұлының қанжары музейге табысталды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Ұлттық музей қорына Қажымұқан Мұңайтпасұлының қанжары табысталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақ тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлына тиесілі "Джамбия" қанжары ҚР Ұлттық музейінің қорына салтанатты табыстау рәсімі өтті. 

Қанжарды салтанатты табыстау рәсіміне ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Жүдебаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров, Қажымұқан Мұңайтпасовтың шөбересі Әйкен Мұқанова және т.б. қатысты.

"Бүгін музей қоры құндылығы жоғары экспонатпен толығайын деп отыр. Бұл - күллі әлем мойындаған күш атасы, қазақ тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы тиесілі "Джамбия" қанжары. Бір жағынан Джамбия қанжарының өзі қолөнер туындысы ретінде құндылығы жоғары болса, ал оны араб ұсталарының Қажымұқанға арнайы жасауының өзі араб, түркі әлемінің балуанға деген жоғары құрметі деп білеміз", - деді ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Жүдебаев.

"Джамбия" қанжары жүзінің екі жағында араб әріптерімен көне түрік-осман тілінде жазылған мәтіндер бар: сол жағында "күшті, жеңілмейтін Мұңайтпасұлы Мұқанға", ал оң жағында "Бізден, қажылықтан естелік, Шағыр паша, 1330 жыл" (Хижра жыл есептеуі бойынша 1330 жыл бұл қазіргі жыл санауына сәйкес 1912 жыл).

Бүгінде музей қоры қанжармен толығып, балуанға қатысты жәдігер саны 27-ге жетті.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова