Тәтті ананасты қалай таңдаймыз?

Кейде ананас сатып алып келсеңіз дұрыс піспеген болып шыға ма? Ендеше, бұл жемісті түсіне, жапырағына және иісіне қарап қалай таңдау керегін ұсынамыз.

Ананас – дәрумендер мен микроэлементтерге бай тәтті тропикалық жеміс. Ол шырынды болғандықтан, оны салаттар мен десерттерге қосады. Сондай-ақ оның құрамындағы бромелайн деп аталатын фермент етті жұмсартады, сондықтан оны маринадтарға жиі пайдаланады.

Ананас С дәруменіне және түрлі антиоксиданттарға бай. Алайда ол дәмді болғанымен, оны өте көп жеуге болмайды. Себебі ол аллергия беруі және асқазан бұзылысын тудыруы мүмкін.

Ананас піспеген болса, оны тазарту қиын және ол ауыз шырыштысын тітіркендіреді. Оған қоса, бұл жеміс кесілген күйінде піспейді, сол үшін бірден оның піскен түрін таңдау маңызды.

Ананасты қалай таңдаймыз?

Түсіне қарау

Жақсы ананастың пішіні тегіс сопақ және салмағы шамамен 2 кг болады. Оның қабығы ашық сары немесе қызғылт-сары болады және жасыл немесе қоңыр жолақтары болуы керек. Оның үстінде кеуіп қалған қабыршақтары болады. Жемістің үстінде пальмаға ұқсайтын жапырақтары болады. Оның жапырақтары қою жасыл және ұштары сәл кеуіп кеткен болуы керек.

Ұстап қарау

Піскен ананасты қолмен ұстап көргенде сәл жұмсақ болады. Егер ол тым қатты болса, әлі піспеген, ал егер қолыңыз ішіне қатты кіріп кетсе, ол қатты пісіп кеткен.

Жапырақтарын бұрап қарау

Ананастың басындағы жапырақтардың бәрін бір қолыңызбен ұстап, оны жайлап айналдырып көруге болады. Бастысы, оны қатты қозғап сындырып алмаңыз. Піскен ананастың "пальмасы" оңай бұралады.

Иіскеп көру

Басқа да жемістерді секілді піскен ананасты да иісіне қарап анықтауға болады. Одан тәтті, бірақ жеңіл хош иіс шығып тұруы керек. Егер өткір иіс шықса, ол қатты пісіп кеткен болуы мүмкін. Ал мүлдем иісі болмаса, ол піспеген ананас болуы мүмкін.

Ананасты қалай тазарту және сақтау керек?

Ананасты тазартудың ең қарапайым және қауіпсіз әдісі – алдымен оның түбін тегіс етіп кесіп тастау. Сол кезде ол тақтайда қозғалмай тұрады. Содан соң оның жапырақтарын кесіңіз, кейін қабығын кесіп алып тастайсыз.

Ананасты тесіктері бар ыдыста сақтаған жөн. Ананасты тоңазытқышқа салмай-ақ қойыңыз. Біріншіден, ол басқа өнімдердің иісін жылдам сіңіріп алады. Екіншіден, ол суықта тәттілігін жоғалтады. Бұл жемісті қараңғы жерде сақтаған дұрыс.

Оқи отырыңыз: Күнде мандарин жесе не болады?