АЭС салу үшін 10-15 миллиард доллар керек - сарапшы

"Қазақстандық атом электр станциялары" ЖШС бас директоры Тимур Жантикин Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын (АЭС) салу үшін 10-15 миллиард доллар керек екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол елімізде атом электр станциясын салу бойынша 4 жоба қарастырылып жатқаны жеткізді. Бірақ тиісті құжаттарды әзірлеу уақыт алуы мүмкін.

"(Жобаға қатысты - еск.) құжаттар шамамен 5 жыл әзірленеді. Себебі бірінші кезеңде техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуге 1,5-2 жыл керек. Содан кейін Үкімет АЭС салу туралы оң шешім қабылдаса, жобалау-сметалық құжаттама әзірленеді. Оған да уақыт қажет. АЭС шашамен 5 жыл салынады. Яғни атом электр станциясын 2035 жылы іске қосамыз деп ойлаймыз", - деді Тимур Жантикин елордада өткен "Бейбіт атом" республикалық семинарында.

Оның айтуынша, бұрын атом электр станциясын салуға 2 жер қарастырылған.

"Әзірге тек бір орын қарастырылып жатыр. Іс жүзінде 2 орын қарастырылған: ШҚО-да және оңтүстікте. Оңтүстік Қазақстан энергожүйенің шарты бойынша бұрынғы ГРЭС алаңының орны болып саналады. Содан кейін Алматы облысы Үлкен кенті таңдалды. Ол Балқаш көлінде орналасқан", - деді ол.

Бас директор елімізде атом энергетикасын дамыту үшін арнайы бағдарлама қажет деген пікірде. Алайда АЭС-ты салу үшін де қомақты қаржы керек.

"Алғашқы станция 10-15 миллиард доллар болады. Өйткені ол - бірінші станция. Бүгінде қаржыландыру көзі пысықталып жатыр. Бұл - негізінен халықаралық қаржы институттары. Жоба әзірге коммерциялық болып саналады. Мемлекет оған араласпайды. Тиісінше оның шарттары да бар", - деді Тимур Жантикин.

Еске салайық, бұған дейін Францияның Electricite de France компаниясы Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша келіссөз жүргізуге дайын екені хабарланды. Бұл туралы энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты.

Аяз Есен

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз