Биыл Жаңа жылда Алматыны безендіруге қанша қаражат жұмсалады?

Биыл Жаңа жылда Алматыны безендіруге қанша қаражат жұмсалады?
Фото: gov.kz

Былтыр Алматыны безендіруге мемлекеттік сатып алу порталында 359 миллион теңгеге лоттар жарияланған еді. Кейін қала әкімдігі өкілдері былтырғы шығын 600 миллион теңгеден асқанын алға тартты. Massaget.kz тілшісі оңтүстік астананы безендіруге биыл бюджеттен қанша бөлінгенін анықтап көрді. 

Алматы әкімдігі өкілдері Massaget.kz тілшісінің сауалына берген жауабында бұл сұраққа жауап берді. Олардың айтуынша, әр ауданды безендіруге қалалық бюджеттен орта есеппен 60 миллион теңге бөлінді. Конкурстық негізде өткізілген мемлекеттік сатып алудың қорытындысы бойынша ҚҚС-ты қосқанда жалпы шығын -  511 762 709 теңге.

Айта кетейік, былтыр редакция тілшілері Алматыны безендіру үшін бюджеттен қанша қаржы бөлінгенін мемлекеттік сатып алу порталы арқылы есептеп көрген еді. Сол кезде жалпы шығын 359 миллионнан асты. Алматы облысы әкімдігі өкілдері былтыр қаланы жаңа жылға безендіру үшін 359 миллион теңгеден де көп ақа жұмсалған айтты. Былтырғы шығын 600 миллион теңгеден асқан. 

Алматыда Жаңа жыл қайда және қалай тойланады?

Алматыда 60-тан аса шырша әр ауданның бас алаңдарында орнатылды: Алмалы ауданындағы Астана алаңында, Абай атындағы ҚазҰТОБ алдында, Алатау ауданындағы "Алматы Арена" мұзайдыны алдында, Әуезов ауданындағы Сац атындағы Жастар театры алдында, Бостандық ауданындағы Тұңғыш Президент атындағы саябақта, Балуан Шолақ спорт сарайы алдында, Жетісу ауданындағы Серіков 2А көшесінде, Медеу ауданындағы "Халық Арена" мұзайдыны алдында, Медеуде, Түрксіб ауданындағы Сейфуллин даңғылындағы №6 оқушылар үйінің алдында, Наурызбай ауданындағы Шұғыла 347 шағынауданында.  

Сондай-ақ, қаланың қоғамдық кеңістіктері, жаяу жүргіншілер көшелері - Панфилов, Жібек жолы, Сәтпаев, Төле би, Майлин көшелері мен Назарбаев, Әл-Фараби, Абылай хан даңғылдары безендіріледі.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, Жаңа жыл қарсаңында, 31 желтоқсанда Астана алаңында қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтеді, одан кейін мерекелік отшашу басталады. 

"Сонымен қатар, мегаполис тұрғындары мен қонақтары үшін жаңажылдық фестиваль ұйымдастырылады: караоке, би флешмобы, байқаулар, қойылымдар, эстрада жұлдыздарының қатысуымен жанды дауыста әндер, фотосессиялар, шеберлік сыныптары және көрмелері (21-31 желтоқсан аралығында Абай және Астана алаңдарында сағат 16:00-ден 21:00-ге дейін, 27-31 желтоқсан аралығында әр ауданның басты алаңдарында). Ал 25 желтоқсанда Аяз аталар шеруі өтеді", - делінген жауапта. 

Еске салайық, бұған дейін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев қала Жаңа жылға орай қалай және қашан безендірілетінін айтқан еді. 

Әкім орынбасарының айтуынша, шыршалар, ертегі кейіпкерлерінің фигуралары және мерекенің басқа атрибуттары желтоқсанның ортасында мегаполис көшелерінде пайда болады. Дизайн бойынша негізгі жұмыс желтоқсанның ортасында басталады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Бөлек