Теледидар "даусына" ұйықтау несімен қауіпті?

Теледидар "даусына" ұйықтау несімен қауіпті?
Фото: ru.freepik.com

Дұрыс және жеткілікті ұйқы адам ағзасына күні бойына жететін қажетті энергия береді. Сондай-ақ жүйелі түрде ұйқыңыз қанса, денсаулықпен байланысты проблема аз болады. Адам қанша уақыт ұйықтауы керек және неліктен қосулы тұрған теледидар алдында ұйықтауға болмайды?

Адам қанша уақыт ұйықтауы керек?

Ересек адам күніне жеті сағаттан аз ұйықтамауы тиіс. Ал балалар мен қарт кісілерге толыққанды демалу үшін көбірек уақыт қажет.

Ұйқының жетіспеуі көптеген созылмалы аурулар қаупін арттырады:

  • Диабет;
  • Жүрек-қан тамырлар аурулары;
  • Салмақтың артуы және семіздік;
  • Иммунды жүйенің бұзылуы;
  • Психикалық саулықтың нашарлауы.

Неліктен қосулы тұрған теледидар алдында ұйықтауға болмайды?

Қосулы тұрған теледидардың алдында ұйықтауға болмайды. Біріншіден, ол адам ағзасына жарық арқылы әсер етеді. Бұл адамның түрлі ауруларға шалдығуына әсер етуі мүмкін. Оған қоса, жарық адамның глюкоза деңгейін реттеу қабілетіне әсер етеді. Екіншіден, сіз ұйықтап жатсаңыз да, қосулы тұрған теледидар ми қызметін ынталандырады. Яғни, түнде демалудың орнына сіздің миыңыз жұмыс істей береді.

Бұл жағымсыз салдарларға әкелуі мүмкін:

  • Ұйықтауға көмектесетін мелатонин гормонының өңделуін азайтады;
  • Ұйқы режимін бұзады;
  • Жүйелі түрде ұйқының қанбауына әкеледі;
  • Ұйқысыздықтың себебіне айналады;
  • Күндіз ұйқышыл болып жүруге әкеледі;
  • Ағза әлсіреп, басқа ауруларға қарсы тұра алмайды.

 Ұйқы сапасын қалай жақсартамыз?

Бөлмедегі жарыққа мән беріңіз. Қараңғыда ұйықтап, жарықта оянатынымыз белгілі. Бұған мелатонин мен кортизол гормондары жауап береді. Ұйықтар алдында бөлмедегі барлық артық жарықты өшіріп, теледидар және смартфон қарамаған абзал.

Күнде бір уақытта оянып, бір уақытта ұйықтаңыз. Түнге қарай күнде бір уақытта ұйықтау қиынға соққанымен, оянатын уақытты алдын ала жоспарлауға болады. Сол үшін де ағзаны бірінші белгілі бір уақытта оянуға, артынша ұйықтауға үйретіңіз.

Ұйқы гигиенасын сақтаңыз. Есік, терезені жауып, артық дыбыстан арылыңыз. Бөлменің температурасы 15–19 °C аралығыда болған жөн. Кешке құрамында кофеині бар сусын ішуден аулақ болыңыз. Жатарда төсектің ыңғайлы екеніне көз жеткізіңіз. Матрас тым жұмсақ не тым қатты болмауы керек.

Ұйықтар алдында тамақ ішпеңіз. Ауыр тамақта түске дейін жеген дұрыс. Кешке қарай жеңіл-желпі тамақ ішкен жөн. Тамақты ұйықтауға 2-3 сағат қалғанда ішсеңіз ұйқыңыз жайлы болады.

Оқи отырыңыз: Демалыс күндері демалуға кедергі келтіретін 7 қателік

А. Жапатова