Демалыс күндері демалуға кедергі келтіретін 7 қателік

Демалыс күндері демалуға кедергі келтіретін 7 қателік
Фото: pixabay.com

Жұмыс күндері асыға демалыс күндерді күтесіз. Алайда демалыс күндерден соң да өзіңізді мүлдем демалмағандай сезінесіз бе? Оның себебі көпшілік адам демалыс күндерді тыныш өткізуге кедергі келтіретін қателіктер жібереді. Сол үшін олар дүйсенбі күні таңертең өздерін шаршаңқы және әлсіз сезінеді. Клиникалық психолог Татьяна Мелех көпшілік демалыс күндері жіберетін 7 қателікті ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Доктор Питер"-ге сілтеме жасап.

1-қателік: барлық шаруаны аяқтауға тырысу

Жиі кездесетін қателік – өз мойныңызға көп нәрсені алу. Демалыс күндер келген кезде екі күнде барлық шаруаны аяқтауға тырысып, кірісіп кетуіңіз мүмкін. Мұндай жүктеме ағзаға демалуға мүмкіндік бермейді және дүйсенбіге дейін орындау керек барлық жоспарланған тапсырмалар үшін күйзелісті арттырады.

Жоспарлаған шаруаларыңыз шынымен осы екі күнде аяқтап үлгеретіндей болу керек. Егер үлгермейтініңізді біліп тұрсаңыз, тапсырмаларды азайтыңыз.

2-қателік: аяқталмаған жұмысты үйге алып келу

Бұл әдет кәсіби және жеке өмір арасындағы шекараны бұзады. Күйзелісті азайту үшін және жұмыстан шаршамас үшін демалыс күндері жұмысқа байланысты тапсырмалардан бас тарту керек.

Жұма күні кешкісін жұмысқа қатысты хабарламаларды өшіріп қойыңыз да, күніне нақты бір уақыт белгілеп, сол кезде ғана оны тексеріңіз. Мысалы, ұйықтауға 1 сағатқа қалғанда бір қарап шығыңыз. Бұл сізді демалыс күндері гаджетпен отырудан құтқарады.

3-қателік: достарыңызбен бірге кеш ұйымдастыру

Көпшілік достармен кездесу – демалыс күннің ажырамас бөлігі деп санайды, алайда ол да күйзеліске және қатты шаршап қалуыңызға әкелуі мүмкін.

Достарыңызбен жұмыс күндері түскі ас кезінде немесе жұмыстан соң кездесіп, бірге тамақтанып, әңгімелесіңіз немесе серуендеп жүріп қайтуға болады.

4-қателік: артық тамақтану

Көпшілік демалыс күндері достарымен қыдырса да, үйде еш жоспарсыз жатса да артық тамақтанып қояды. Әрине, өзіңізді еркелетіп, тәтті бірдеңе жеуге болады, алайда артық тамақтанбаған жөн. Себебі демалыс күндері артық тамақтану дүйсенбі күні өзіңізді жағымсыз және шаршаңқы сезінуіңізге әкеледі.

5-қателік: әлеуметтік желіде отыру

Әлеуметтік желіде отырған адам уақытының қалай жылдам өтіп кеткенін байқамай қалады. Сондай-ақ басқалардың өмірін бақылау сізге жағымсыз әсер етуі мүмкін. Әлеуметтік желіге барлық адам қалай саяхаттап жүргенін, спортзалға барғанын немесе отбасымен демалып жүргенін салады. Бұларды көрген сіз өзіңізді бақытсыз сезінуіңіз мүмкін. Әлеуметтік желінің өз шарттары бар, сондықтан өзіңізді басқалармен салыстыруды доғарыңыз. Өмір – жарыс емес.

6-қателік: көңіліңізді басқа нәрсеге аудара алмау

Жұмыс күндеріндегі үйреншікті ойлар және оларды қайта-қайта уайымдай беру мазасыздыққа әкеледі. Кей адамдарды сол ойлар демалыс күндері де мазалайды. Өз ойларыңызды басқа нәрсеге аударыңыз: мысалы, кітап оқыңыз, көңілді музыка тыңдаңыз немесе сүйікті хоббиіңізбен айналысыңыз.

7-қателік: түн ортасына дейін сериалдар қарау

Режимді демалыс күні де сақтаған дұрыс, сол кезде жаңа апта басталғанда өзіңізді нашар сезінбейсіз. Сондықтан сериалдарды түн ортасына дейін қарамаңыз.

"Демалыс күндері демалу үшін күшіңізді қалпына келтіретін нәрселер жасау керек. Демалыс күндері белсенділік пен босаңсу арасында, адамдармен араласу мен жалғыздық арасында, таза ауада серуендеу мен үйде болу арасында тепе-теңдік сақтау керек", - дейді Татьяна Мелех.

Оқи отырыңыз: Таңертең ұйқыдан тұрғанда бас ауыруының 4 себебі

А. Жапатова