Тоқаев "Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары туралы" жарлыққа қол қойды

Тоқаев "Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары туралы" жарлыққа қол қойды
Фото: Akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары туралы" жарлыққа қол қойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Адам құқықтары мен заң үстемдігін қорғау жүйесін одан әрі дамыту мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қоса беріліп отырған Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары (бұдан әрі – Іс-қимыл жоспары) бекітілсін.

2. Қазақстан Республикасы Үкіметі:

1) Іс-қимыл жоспарын іске асыру бойынша қажетті шараларды қабылдасын;

2) жартыжылдық негізде 15 шілдеге және 5 қаңтарға дейін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне Іс-қимыл жоспарының орындалу барысы туралы ақпарат ұсынсын.

3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі", - делінген құжатта.

Мемлекет басшысы "Адам құқығы мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары туралы" жарлыққа қол қоюына байланысты Х парақшасында жазба жариялады.

"Дүниежүзілік адам құқықтары күніне орай "Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары туралы" жарлыққа қол қойдым. Жоспарда гендерлік теңдікті күшейтуге, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күреске, қылмыстық сот төрелігі саласында азаматтарды қорғауға, азаптау мен қатыгездіктің алдын алуға бағытталған бірқатар шара қамтылған. Бірлесу бостандығы құқығы мен еңбек құқығын, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету жолдары қарастырылған. Құжат адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін нығайтады. Жоспарды жүзеге асыру шеңберінде тиісті заңдар қабылданады", - деп жазды Президент Х парақшасында.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан