"Бәлкім, қысылмай тұрғысы келген шығар?" – Алматы әкімдігі хостелде қаза тапқан студенттер туралы

"Бәлкім, қысылмай тұрғысы келген шығар?" –  Алматы әкімдігі хостелде қаза тапқан студенттер туралы
Фото: Massaget.kz

Алматы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев хостелдегі өрт кезінде қаза тапқан студенттердің өліміне қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Алматыдағы 200-ге жуық хостелдің 23-і студенттерге арналып салынған. Қазір 3 мыңнан астам студент сол жерде тұрып жатыр. Ал қалған студенттер заңсыз салынған хостелдер мен қонақ үй, жалдамалы пәтер және туған-туысын паналайды.

Әкімдік өкілдері алдағы уақытта жатақхана мәселесі толық шешілетінін айтып отыр. "Студенттер заңсыз хостелдерде емес, жатақханада тұрады" дейді. Ол үшін 100-ден аса инвестормен келіссөз жүргізіп, жаңа нысандардың құрылысын бастағалы отыр.

Әкімнің орынбасары сондай-ақ олар қайғылы жағдай болған хостел мәселесіне тоқталды. 

"Хостелдердің тек 10 пайызы ғана жоғары оқу орындарымен жұмыс істейді. Оқу орындары өз тарапынан оларды тексеріп тұрады. Әрі студенттерге онда тұруға, не тұрмауға болатын-болмайтыны айтылады. Сәйкесінше, көзі ашық, кәмелетке толған жастарымыз өз қалауын жасайды. Өрт шыққан хостел мәселесіне келсек, студенттердің неліктен онда тұрғаны белгісіз. Бағасы біз ұсынған жатақханалармен бірдей. Бәлкім қысылмай, бөлек, еркіндікте тұрғысы келген шығар. Біз оларға шектеу қоя алмаймыз", - деді ол.

Айта кетейік, 30 қарашада сағат 5:33-те Алматыдағы Әди Шәріпов көшесіндегі хостелде өрт шығып, салдарынан 13 адам қаза тапқаны хабарлаған едік. 

Кейінірек қаза тапқан қазақстандықтардың отбасына 1 миллион теңгеден берілетіні белгілі болды.

1 желтоқсанда өртке байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігі (Абайсызда екі не одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу) бойынша соталды тергеп-тексеру басталды.

Сол күні осы қылмысты жасады деген күдікпен хостелді жалға беруші ұсталды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан