2024 жылы Қазақстанда қай айда еңбек демалысына шыққан тиімді?

2024 жылы Қазақстанда қай айда еңбек демалысына шыққан тиімді?
Фото: pixabay.com

Кез келген жұмыс істейтін адам еңбек демалысын асыға күтеді. Орташа статистикалық жұмысшы айына нақты бекітілген мөлшердегі жалақы алады. Еңбек демалысына берілетін ақша бір айлық кірісіңізден көп немесе аз түсуі мүмкін. Еңбек демалысына тиімді шығу үшін нені білу керек?

Еңбек демалысы жұмыс күндерімен емес, күнтізбелік күндермен есептеледі: еңбек демалысындағы демалыс күндер соның ішіне кіріп кетеді, бірақ демалыс күндерге ақша төленбейді. Алайда ресми мереке күндер саналмайды да, еңбек демалысы созылады.

Жалпы жыл сайынғы төленетін еңбек демалысы ҚР-ның Еңбек кодексіне сәйкес 24 күнтізбелік күнді құрайды. Еңбек демалысына берілетін 24 күнді бөліп алуға болады, алайда оның бір бөлігі 14 күнтізбелік күннен аз болмауы тиіс.

Ұзағырақ демалу үшін еңбек демалысына қай кезде шығу керек?

Көпшілік адам еңбек демалысына шығар кезде оның барынша ұзақ болғанын және тағы да қолданылмаған күндер қалғанын қалайды. Ұзағырақ демалу үшін еңбек демалысын мерекесі көп айда алу керек. Қазақстанда ең көп мереке болатын айларға наурыз (5 мерекелік күн), қаңтар (3 мерекелік күн) және мамыр (3 мерекелік күн) жатады.

Алайда бұл айларда еңбек демалысына арналған ақша аз түседі. Егер сіз үшін еңбек демалысының күндері маңызды болса және барынша ұзағырақ демалғыңыз келсе, наурыз, мамыр, желтоқсанның аяғы мен қаңтардың басына жоспарлаған жөн. Мерекелік күндер еңбек демалысын толықтыратындай болуы керек. Егер еңбек демалысында мерекелік күндер болса, еңбек демалысы сол күндерге ұзартылатынын біле жүріңіз.

Еңбек демалысына қалай тиімді шығуға болады?

Егер демалғыңыз келсе және қаржылық жағынан қиналып қалғыңыз келмесе, еңбек демалысын жұмыс күндері көп, ал демалыс күндері аз айда алу керек. 2024 жылы Қазақстанда сәуір (22 күн), қазан (22 күн), қыркүйек (21 күн) және қараша (21 күн) айларында жұмыс күндері көп.

Сондай-ақ егер қандай да бір жобаны аяқтағаныңыз үшін жақын арада сыйлықақы түсетін болса, еңбек демалысына сыйлықақы түскеннен кейін шыққан дұрыс. Себебі оны есеп кезінде ескереді де, еңбек демалысына арналған ақша көбірек болады.

Ал егер жақында жалақыңызды көтерген болса, бірден еңбек демалысына шығу тиімсіз. Себебі еңбек демалысыңызды соңғы бір жылдағы жалақыңызды (яғни, бұрынғы жалақыңызды) есепке ала отырып есептейді.

Қорытындыласақ, еңбек демалысына шығатын айда жұмыс күндері қаншалықты көп болса, сол айға арналған жалпы кіріс жоғары болады, ал егер ол айда мерекелік күндер көп болса, еңбек демалысы ұзағырақ болады, бірақ кірісі аз болады.

Оқи отырыңыз: Демалыс күндері демалуға кедергі келтіретін 7 қателік

А. Жапатова