- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматыдағы хостелде 13...
Алматыдағы хостелде 13 адам қаза тапты: жалға беруші ұсталды
Арнайы прокурорлар "Алматы-Хостел" ғимаратындағы өрт дерегі бойынша қылмыстық істі тергеуге кірісті,- деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Бас прокуратураға сілтеме жасап.
30 қарашада "Алматы Хостел" ғимаратындағы өрт дерегіне байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігі(абайсызда екі не одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу) бойынша соталды тергеп-тексеру басталды.
Бас прокурордың тапсырмасына сәйкес, қылмыстық іс арнайы прокурордың іс жүргізу өндірісіне қабылданды.
Құқық қорғау органдарының тәжірибелі қызметкерлерінен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды.
Өрттің шығу себебі мен алғышарттарын анықтау мақсатында оқиға орнына қарап-тексеру жүргізіліп, сараптамалар тағайындалып, өзге де жедел-тергеу іс шаралары ұйымдастырылып жатыр.
"Сол күні осы қылмысты жасады деген күдікпен хостелді жалға беруші Мухамедъяров А. ұсталып, уақытша ұстау изоляторына оқшауландырылды. Тергеу аясында хостелдің қызмет көрсетуіне қатысы болған барлық тұлғаның әрекетіне құқықтық баға беріледі. Қылмыстық іс тергеуі бас прокурордың бақылауында", - делінген жауапта.
Еске салайық, бұған дейін 30 қарашада сағат 5:33-те Алматыдағы Әди Шәріпов көшесінде өрт шыққаны хабарланды. Кейінірек Алматыдағы хостелден шыққан өрт салдарынан үш адам ауруханаға түскені белгілі болды. Оқиғадан кейін бірнеше адам басқа хостелге ауыстырылды. Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Руслан Идрисовтің айтуынша, қазіргі таңда 50-52 адам басқа хостелдерге орналастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Алматы әкімі Ерболат Досаев хостелдегі өртке қатысты пікір білдіріп, зардап шеккендердің көбісі Қазақстан азаматтары, бір Өзбекстан азаматы, біреуі РФ-ден екенін, қалғанының құжаттары қаралып жатқанын айтты. Қазақстан Республикасының премьер-министрі Әлихан Смайыловтың өкімімен Алматыдағы хостелден шыққан өрттің себептерін анықтау және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды.
Алматы денсаулық сақтау басқармасы өкілдері хостелден шыққан өрттен зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты. Алматы қаласы ТЖД осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабына сәйкес қылмыстық істі тіркеді. Алматы Полиция департаменті өкілдері қаза тапқандар кімдер екенін мәлімдеді. Алматы әкімдігі хостелден шыққан өртке қатысты жаңа дерек айтты.
Кейінірек қаза тапқан қазақстандықтардың отбасына 1 миллион теңге берілетіні белгілі болды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Бөлек