- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматыдағы өрттен қаза...
Алматыдағы өрттен қаза тапқандардың отбасына 1 миллион теңгеден беріледі
Алматы қаласындағы өртте қаза тапқан қазақстандықтардың отбасына 1 миллион теңге беріледі. Бұл туралы Алмалы ауданының әкімі Айдар Жәкібаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Баспасөз брифингі барысында "марқұмдардың отбасына қаржылық көмек көрсетіле ме?" деген сұрақ қойылды.
"Қала әкімі тапсырмасымен, бұған дейін айтылғандай, денені тасымалдауға көмек, сондай-ақ, әрбір қаза тапқан Қазақстан азаматының отбасына бір миллион теңге қаржылық көмек көрсетіледі", - деді Алмалы ауданының әкімі Айдар Жәкібаев.
Сонымен қатар, қаза тапқан шетел азаматтарының отбасыларына мәйітті жерлеу орындарына дейін тасымалдауға көмек көрсетіледі.
Еске салайық, бұған дейін 30 қарашада сағат 5:33-те Алматыдағы Әди Шәріпов көшесінде өрт шыққаны хабарланды. Кейінірек Алматыдағы хостелден шыққан өрт салдарынан үш адам ауруханаға түскені белгілі болды. Оқиғадан кейін бірнеше адам басқа хостелге ауыстырылды. Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Руслан Идрисовтің айтуынша, қазіргі таңда 50-52 адам басқа хостелдерге орналастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Алматы әкімі Ерболат Досаев хостелдегі өртке қатысты пікір білдіріп, зардап шеккендердің көбісі Қазақстан азаматтары, бір Өзбекстан азаматы, біреуі РФ-ден екенін, қалғанының құжаттары қаралып жатқанын айтты. Қазақстан Республикасының премьер-министрі Әлихан Смайыловтың өкімімен Алматыдағы хостелден шыққан өрттің себептерін анықтау және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды.
Алматы денсаулық сақтау басқармасы өкілдері хостелден шыққан өрттен зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты. Алматы қаласы ТЖД осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабына сәйкес қылмыстық істі тіркеді. Алматы Полиция департаменті өкілдері қаза тапқандар кімдер екенін мәлімдеді. Алматы әкімдігі хостелден шыққан өртке қатысты жаңа дерек айтты.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова