Алматыда 7 жасар бала зорланды деген іс: полиция тың деректер айтты

Алматыда 7 жасар бала зорланды деген іс: полиция тың деректер айтты
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Құқық қорғау органдары Алматыдағы мектептердің бірінде 7 жастағы бала зорланды деген ақпаратты әлі де тергеп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігіне сәйкес қала тұрғыны полицияға арызданған. Ол ұлына сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық жасалғанын мәлімдеген.

"14 қыркүйекте әйел полицияға хабарласып, Алматы қаласындағы халықаралық мектепте белгісіз бір адам баласын қорлағанын хабарлады. Сол күні тергеуші осы дерек бойынша сот-медициналық сараптама тағайындау туралы қаулы шығарып, қылмыстық іс қозғады. Келесі күні баланы сарапшылар комиссиясы қарады. Қарау кезінде қандай да бір зақым, соның ішінде зорлық-зомбылық іздері табылмаған. Сонымен қатар, комиссия арнайы медициналық жабдықтары бар проктология саласындағы маманды осы іске тарту туралы ұсынымхат берді. Алайда анасы жеке клиниканың проктолог-маманына өз бетінше жүгініп, кейін сараптамадан өтуден бас тартты. Тергеу шеңберінде мектептің ішінде және айналасында орнатылған бейнебақылау камераларынан жазбалар алынды", - делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, осы жазбаларға сәйкес 11-14 қыркүйек аралығында бала мектеп дәретханасына 57 рет барғаны анықталған, олардың әрқайсы 2-3 минутқа созылған.

"Онымен бір мезгілде басқа адамдар дәретханаға барғаны камераға тіркелмеген. Жауап алуға қатысқан мектеп қызметкерлері мен сыныптастары балаға қатысты қандай да бір қысым мен зорлық-зомбылық жасалғанын жоққа шығарады. Іс бойынша сот-биологиялық және молекулалық-геномдық сараптамалар жүргізілді. Сараптама қорытындыларына сәйкес баланың ішкиімі мен шалбарында тек өзіне тиесілі биоматериалдар табылды. Басқа іздер табылған жоқ", - дейді полицейлер.

Әйел сараптамалардың қорытындыларымен келіспей, тәуелсіз мамандарды ұсыну туралы өтініш берген. Алайда осы уақытқа дейін олар мұндай мамандарды ұсынбаған.

"Бұл қосымша сараптамаларды тағайындауға кедергі келтіреді. Сонымен қатар, өтініш беруші бірнеше рет хабардар бола тұра, психологтың қатысуымен ұлынан жауап алуға үзілді-кесілді бас тартып отыр. Осыған байланысты іс бойынша маңызды тергеу әрекеттерін жүргізу мүмкін болмай отыр. Өтініш берушінің осындай кедергілеріне қарамастан, тергеу жалғасып жатыр", - делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы мектептердің бірінде 7 жастағы бала зорланды деген ақпарат тарағаны хабарланды. 

Кейінірек Алматы полициясы қаладағы жекеменшік мектепте жеті жасар бала зорланды деген іс бойынша жүргізілген сот-медициналық комиссия мен геномдық ДНҚ сараптамасының қорытындысы туралы айтты. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова