Етеккір кезінде іштің ауыруы: қандай жағдайда жедел дәрігерге көріну керек?

Етеккір кезінде іштің ауыруы: қандай жағдайда жедел дәрігерге көріну керек?
Фото: ru.freepik.com

Көпшілік әйелді етеккір келерде жағымсыз сезімдер мазалайды: іште ауырлық пайда болады, бас ауыруы мүмкін және әлсіздік пайда болады. Сондай-ақ бірден тәттіге немесе тұзды тамаққа деген құштарлық туындайды, ал көңіл күйі құбылмалы болады. Кейде етеккір кезінде іштің ауыратыны соншалық ауырсынуды басатын дәрілер ішуге мәжбүр болуыңыз мүмкін. Алайда дәрі ішсеңіз де ауырсыну кетпесе, бұл қауіпті белгі болуы мүмкін. Терапевт Фрэн Ярлетт  қандай жағдайда жедел дәрігерге көріну керегін айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жатырдан тыс жүктілік

Бұл кезде ұрықтың қалыпты дамуы мүмкін емес, оған қоса әйелдің денсаулығы үшін қауіп төнеді. Бұл кезде етеккір кідірісі байқалады, жүктілікке тест оң нәтиже береді, бірақ анық көрсетпеуі мүмкін. Қоңыр немесе қызыл қан жұғуы мүмкін. Ішіңіздің бір жағы қатты ауырады. Сондай-ақ әйел кіші дәретке барғанда жағымсыздық сезуі мүмкін: дәл осы кезде іші ауыруы мүмкін. Шұғыл жағдайда әйелдің іші шыдатпай ауырады, құлағында шу пайда болуы және есінен танып қалуы мүмкін.

Уытты шок синдромы

Өмірге қауіпті бұл ауруға тампон қолданатын әйелдер шалдығуы мүмкін. Тампондарды дұрыс салмаса, бактериялық уыттардың сіңуіне жағдай жасалуы мүмкін. Нәтижесінде, уытты шок синдромы пайда болуы мүмкін.

Оның белгілері:

  • Жоғары температура;
  • Бұлшықеттердің ауыруы;
  • Дәріге де кетпейтін іштің ауыруы;
  • Терінің бөртуі;
  • Тұмаумен ауырып қалғандай хәлде болу.

Соқырішек

Соқырішекті бастапқы стадиясында басқа арулармен шатастырып алу оңай. Оның негізгі белгісі – кенеттен пайда болатын және жиі таңертең ерте немесе түнде мазалайтын іштің ауыруы. Егер осы уақытта әйелдің етеккірі келіп жүрсе, ол оны етеккір белгісімен шатастырып алуы әбден мүмкін.

Не нәрсеге мән беру керек?

  • Ауырсыну кенеттен басталады, бастапқыда іштің жоғарғы жағы ауырса, кейін біртіндеп оң жаққа қарай беріледі;
  • Жүрек айну;
  • Тәбеттің жоғалуы;
  • Іш өту немесе іш қату;
  • Жоғары температура.

Эндометриоз

Бұл жатырдан тыс жерде қатерсіз тін өсінділері пайда болатын гинекологиялық ауру. Эндометриоздың жағымсыз белгілері көп жағдайда етеккірмен байланысты, бірақ әдетте цикл бұзылмайды. Бұл кезде ішіңіздің асты, беліңіз және аяғыңыз ауырады. Эндометриоз аналық безде жылауықтың (киста) түзілуіне әкелуі мүмкін екенін білу маңызды. Оған қоса, ол әйелдің бала көтере алмауына да ықпал етуі мүмкін.

Жатыр қатерлі ісігі

Онкологияның бұл түрі бастапқы кезеңде анықталса, әдетте емделеді. Ауру бастапқыда етеккір кезіндегі ауырсыну арқылы белгі беруі мүмкін. Себебі қатерлі ісік жанындағы органдарды, соның ішінде қуық пен  тік ішекті қысып тастайды. Сондай-ақ жамбас тұсында ауырсыну басталып, ол арқаға берілуі, ал етеккір кезінде ұлғаюы мүмкін.

Оқи отырыңыз: Етеккір кезінде не істеуге болмайды? Дәрігер жауабы

А. Жапатова