"Бедеулік қыз кезінен белгілі болады". 500-ге жуық отбасыға көмектескен дәрігер бедеуліктің белгілері қандай болатынын айтты

"Бедеулік қыз кезінен белгілі болады". 500-ге жуық отбасыға көмектескен дәрігер бедеуліктің белгілері қандай болатынын айтты
Фото: Ләйлә Сұлтанқызы / Анар Әсетбекқызы

Қазақстанда әрбір алтыншы отбасының бала сүю мүмкіндігі жоқ, яғни ерлі-зайыптының бірі белсіз не бедеу. Дәрігер Анар Әсетбекқызы қыз балада бедеуліктің белгілері жас кезден-ақ көрінеді дейді. Ол бұл туралы Ләйлә Сұлтанқызына берген сұқбатында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Дәрігердің айтуынша, бедеуліктің ең бірінші белгісінің бастауы етеккірдің дұрыс келмеуі, келген жағдайда бел мен іштің қатты ауыруы. 

"Бедеулік қыз кезінен белгілі болады. Бедеуліктің ең бірінші белгісі етеккір дұрыс келмейді, арасында үзіліспен келеді, мысалы 2-3 ай бойы болмайды. Кейбір қыздарға етеккір келген кезде белі, іші қатты ауырады. Қыздар мұның алаңдатарлық дымы жоқ деп ауырсынуды басатын дәрі ішіп алады да, жүре береді немесе екі бүктеліп жатып қалады. Тіпті кейде жедел-жәрдем шақыратын кездері де болады.

Одан кейін қыз баласы тамақ жесе де, жемесе де салмақ қосып, дене бітімі үлкейе береді", - дейді "Han medical" Шығыс-тибет медицина орталығының негізін қалаушы.

Маман болашақта бала көтере алмау ықтималдылығы жоғары қыздың кеуде бездері қатты ауырады дейді. 

"Келесі белгі ол кеуде бездерінің сынып ауыруы. Дәрігерлер кеуде ауыруын қалыпты жағдай деп айтады, бірақ бұл жерде мән беру керек жағдай бар. Егер кеуде бездері аздап, шыдамды ауырса, онда бұл әрине қалыпты жағдай. Ал бедеуліктің белгісі ретінде төстің шамадан тыс керіп тұрғандай ұзақ уақыт бойы, сүт керіп кеткендей ауыруын айтамыз. Кеуде бездері ауырғанда ауырсынуды басатын дәрілер ішкен дұрыс емес. Қалыпты жағдайда кейбір қыздарда етеккірдің алдында кеуде сыздап кішкене ауырады. Бұл жағдай мүлдем басқа. Менің алдыма келген кейбір қыздарда сүт келіп тұратын жағдай да кездесті. Яғни, әлі баласы жоқ, босанбаған қыздың көкірегінен тоқтамай сүт ағып тұрады", - деп түсіндірді дәрігер. 

Сонымен қатар, ол отбасыдағы жағдай мен стресстің қыз баланың ана болу мүмкіндігіне қалай әсер ететінін де бөлісті.

"Ең маңыздысы 12-13 жаста енді етеккір келіп бастағанда қыз баланың көңіл-күйі тікелей байланысты, стресс болмауы керек. Көп әйел тура осы стресстен бала көтере алмайды. Бір бала босанып, қатты стресс, шок алғаннан гормондар өзгеріп, ағза бала көтеруден бас тартып тұрады. Осындай жағдайдағы әйелдерде пролактин гормонының деңгейі үнемі жоғары болады. Кішкентай кезінде отбасындағы арақатынас дұрыс болмай, психологиялық жарақат алған, күнде ұрыс-керістің ортасында бойжеткен қыздар да бедеуліктен зардап шегеді.

Бедеулікке стресс қатты әсер етеді, ол мойын қан-тамыры қысылуы, климакс ерте басталуы, қалқанша және ұйқы безі ауруына ылп келуі, тіпті кейді аналық безі қатерлі ісігіне де алып келуі мүмкін", - деді маман.

Осы тұста Анар Әсетбекқызы стресске түспей, көңіл-күйді бір күйде ұстап тұру үшін кеңес әйел адамдарға берді. 

"Мұндай жағдайда мен өзім бір ғана әдіске жүгінемін. Аллаға тәуекел етіп, жүрек тыныштығын Аллаға тапсырамын. Мен көрдім, болмайтын зат бәрібір болмайды екен. "Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді" дейді ғой, мен осыны түсіндім", - дейді ол.

Айта кетейік, бұған дейін гигиеналық төсемелер бедеулік пен қатерлі ісік тудыратыны қаншалық рас екені хабарланған болатын.

Тағы да оқи отырыңыздар: Оксидтердің химиялық қасиеттері мен алыну жолдары қандай?

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Б. Жұмаділлә