Павлодар облысындағы дауыл: Баянауылдың әйгілі "визиткасы" құлады, облыстағы 20 мектепте сабақ өтпеді

Павлодар облысындағы дауыл: Баянауылдың әйгілі "визиткасы" құлады, облыстағы 20 мектепте сабақ өтпеді

Баянауылдың кіре берісіндегі стела қатты дауылға шыдамай құлап қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Туристік өлкенің символына айналған ескерткіш 1980 тұрғызылған. Мұнараны екі жыл бұрын сол кезде ауданды басқарған Қанат Кәрімов алып тастамақ болған. Ол оның орнына "416 миллион теңгеге жаңа стела орнатамыз" деген. Алайда сол кезде аудан белсенділері қарсылық білдіріп, қырық жылдан аса тарихы бар ескерткішті сақтап қалған. Ақыры сол стела құлап қалды. Жұма күні түнде соққан дауылға шыдас бермеді. Өйткені желдің екпіні секундына 37 метрге дейін жетіп, рекордтық жылдамдық көрсетті.

"Ең күшті жел Баянауыл ауданында тіркелді – секундына 37 метр. Шарбақты ауданы және Аққулы аудандарында секундына 35 және 34 метрден соққан. Ақсуда жел екпіні секундына 32 метрге дейін жетті. Павлодар мен Екібастұзда секундына 29 метр жылдамдықпен соқты", - дейді Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов.

Дүйсенбі күні Павлодар облысындағы 20 мектепте сабақ өткен жоқ. Бұған жарықтың өшіп қалғаны себеп болған. 18 қарашадарн 19-на қараған түні соққан қатты дауылдан электр желілерінен ақау шығып, 117 елді мекенде жарық өшіп қалды. Сенбі күннен бері қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Қазіргі таңда 28 ауылда жарық жоқ. Олардың жиырмасында мектеп бар. Жарықтың әлі толық қосылмауынан осы мектептерде білім алатын мыңнан аса оқушы сабаққа бармады. Павлодар мен Баянауыл аудандарында төрт-төрттен сегіз мектепте, Шарбақтыда екі мектепте және Аққулы ауданында 10 мектепте сабақ өтпеді.

"Жарықты жылдам беруге кейбір қиындықтар бар. Мәселен, Баянауыл ауданы таулы болғандықтан, қалпына келтіру жұмыстары созылып кетті. Сол сияқты тағы да басқа кедергілер бар. Мамандар барынша жедел жұмыс істеп жатыр. Бүгін түнге дейін барлық елді мекенді электр қуатымен қамтамасыз етеміз" деп ойлаймын", - деді Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов.

Еске салайық, 19 қарашаға қараған түні соққан қатты дауылдан Павлодар облысында 183 ғимараттың шатыры ұшты. Оның 83-і - әлеуметтік нысандар. Соның ішінде 61 білім беру мекемесіне зақым келді. Аймақтағы тоғыз аудан мен облыс орталығында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, шығындар есептеліп жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан