Астанада алаяқ кәмелетке толмаған баланы әңгімелесіп тұрып алдап кеткен

Астанада алаяқ кәмелетке толмаған баланы әңгімелесіп тұрып алдап кеткен
Фото: pexels.com

Алаяқ елорданың кәмелетке толмаған тұрғынын алдаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Елордалық полицейлер жасөспірімді алдаған 18 жастағы елорда тұрғынын анықтады. "Сарыарқа" аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне елорда тұрғыны арызбен жүгінді. Ер адамның айтуы бойынша, күндізгі уақытта белгісіз адам көшеде оның кәмелетке толмаған ұлына жақындап, әңгіме өрбіткен. 14 жастағы жасөспірімнің сеніміне кіріп, қаскүнем одан телефонын тексеру үшін "Samsung Galaxy watch 5" маркалы сағатын сұраған. Алаяқ сағатты кешке үйіне әкеліп беремін деп баланы өзіне сендіріп, одан мекен-жайын сұраған және ол жақын жерде тұратынын айтқан. Жасөспірім оның сөздеріне сеніп өзінің гаджетін берген, ал алаяқ жігіт белгісіз бағытта кетіп қалған.

Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу кезінде "Сарыарқа" ауданы ПБ қызметкерлері қаскүнемді анықтады. Оның бұрын сотталғаны белгілі болды. Ол смарт сағатты ломбардқа өткізіп үлгермеген.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы "Алаяқтық" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Заттай дәлелдемелер тәркіленді. Оның елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.

Астана қаласының полиция департаменті азаматтарға қырағы болуды, бейтаныс адамдарға сенбеуді ескертеді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Сатыбалдина