Ертеде қазақ түнде ұйықтамайтын балаға қандай жөн-жоралғы жасаған?

Ертеде қазақ түнде ұйықтамайтын балаға қандай жөн-жоралғы жасаған?
Фото: Freepik.com

Кейде жаңа туған бала түнде ұйықтамай, мазасызданады. Ал дәрігерлер баланың түнде неліктен ұйықтамайтынының себебін әрдайым біле бермейді. Осындай кезде не істерін білмей жүрген шарасыз ата-анаға қазақтың түрлі, ерекше ырымы көмектеседі. Бұрын қазақ түнде ұйықтамайтын балаға қандай жөн-жоралғылар жасаған? Бұл сұраққа Massaget.kz тілшісі жауап іздеп көрді.

Әдетте жаңа туған нәрестенің ұйқысы тұрақсыз болады. Олар басында бірнеше ай екі мезгіл де ұйықтап жүргенімен, кейінірек ұйықтау уақыты өзгеріп, түнде мүлде ұйықтамауды шығарады.

Әлеуметтік желіден баланың түнгі ұйқысын қалпына келтіруге арналған қазақтың қандай ырымдары бар екенін іздеп көрдік.

  1. Баланың киімін оңынан теріс қаратып кигізіп қоятын болған.
  2. Таң атқанда баланың әкесі тауық қораға кіріп, отырады. Осылай әкесі баланы құс ұйқысынан айықтырады деп сенген. Егер баланың әкесі болмаса, баланың өзін әжесі немесе анасы көтеріп, тауық кепеге кіргізіп, ішін бір айналып шығады. Бұл да баланың ретсіз ұйқысын реттейді деген сенімнен туған ырым.
  3. Үйден бір шелек су алып, оны көршінің бағындағы ағашқа құйған. Сосын сол көршіден бір шелек су әкеліп өз бағына құйған. Осыдан кейін баланың ұйқысы ауысады деп сенген.
  4. Ертеде баланың ұйқысы - алыстағы жолға шыққалы жатқан немесе сағынып жүрген жақын адамының шыбығы деп саналған. Сол адамның сағынышы басылмай, баланың ұйқысы реттелмейді деп сенген.

Осы тұста Алматы қаласының тұрғыны Талғат Рамазанов Massaget.kz тілшісіне басынын өткерген жағдайын баяндап берді. Оның айтуынша, жоғары да аталған ырымдардың шынын да әсері бар.

"2018 жылы қызымның ұйқысы, яғни күні мен түні ауысып кетті. Таңғы 06:00-ға дейін ояу жатып, күндіз түстен кейін 16:00 дейін ұйықтайтынды шығарды. Сонда маған ауылдағы көрші апалар ұйқысы ауысып кеткен баланы, тауық қораға кіргізіп айналдырса, оның ұйқы режимі қалыпқа келетінін айтты. Амалсыздан ырым жайлы сұрастырып, ауылдағы бір апаның тауық қорасына апарып қызымды айналдырдық. Қызым ырымды жасағаннан кейін түнде жақсы, тыныш ұйықтайтын болды.

Тауық қораға айналдырып қана қоймай, киімін де теріс сыртына қаратып кигізетін едік. Ырымды өзім толық зерттеп көрмедім, бірақ осыдан кейін шынымен де үлкен қызымның ұйқысы қалыпқа келді. Мен бұл ырымдардың күшіне сендім, негізі "неге сенсең, сол орындалады" дейді ғой, сондықтан көмектесті деп ойлаймын", - дейді Талғат Рамазанов.

Ел аузында жүрген бұл ырымдар қазақ халқында шын мәнінде бар-жоғын анықтау үшін Massaget.kz тілшісі этнограф Болат Бопайұлынан сұрап көрді. Этнограф баланы тауық қораға кіргізіп айналдыру деген ырым қазақта жоқ екенін айтып, басқа ырым түрін бөлісті.

"Қазақта мұндай ырым жоқ. Дегенмен, қазақ ұйқысы ауысқан баланың жастығын ауыстырып не теріс қаратып қояды немесе төсек орнын ауыстыру, бір ыдыс су алып баланың басынан айналдыру секілді баланың ұйқысын түзеу үшін түрлі ырым жасаған. 

Отбасыда немесе көрші үйде ұйқышыл адам болған жағдайда, сол ұйқышыл адамның жейдесін баланың жастығының астына әкеліп қояды. Мұнда жаңағы адамның ұйқысы, балаға да өтсін деген сенім.

Негізі ұйқысы қашқан не шошып оянған баланың басына тақап келіп, бір бақырға азырақ қорғасын ерітіп құяды. Сол қорғасынға ұйқы қашырған елестің бейнесі түседі. Сол бейнені бал төсегінің басына байлап қойса, бала ұйқысы қалпына келеді. Ұйқысын қашырған бейне қорғасынмен бірге өртеніп кетеді деп ырым еткен", - дейді этнограф.

Айта кетейік, бұған дейін бала түнде тыныш ұйықтауы үшін не істеу керегі хабарланған болатын.

Тағы да оқи отырыңыздар: Теңгенің дизайны қалай таңдалған?

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә