"Сынық айнаға қарама". Бұл ырымның мәні неде?

"Сынық айнаға қарама". Бұл ырымның мәні неде?
Фото: pikisuperstar/Freepik

Қазақта айнаға қатысты ырым-тыйым көп. Соның бірі "Сынған айнаға қарама" тыйымы. Мұны бала кезден естігенімізбен, оның мағынасын, неліктен қарауға болмайтынын көпшілік біле бермейді. Massaget.kz тілшісі бұл тыйымның мән-мағынасын білу үшін этнограф Болат Бопайұлының көмегіне жүгінді.

Сынық айнаға қарамау мистикаға толы ежелден келе жатқан, көне рим наным-сенімінен бастау алған тыйымның бірі. Бұл сенім бойынша, сынық айнаға қараған адамның 7 жыл бойы жолы болмайтын көрінеді. Сондықтан, үйде сынық айна сақтап, оған қараған дұрыс емес санаған. Айна сынған жағдайда, одан әлдебіреудің бейнесі көрінбеуі үшін тікелей емес, тұспалдап келіп, жанынан тұрып қалташаға салып, қоқысқа тастау керек екен. 

Ал Болат Бопайұлының айтуынша, қазақ сынық айнада шайтан мекен етеді деп сенген. 

"Сынық айнаға қараса адамның түрі жаман болып көрінеді. Сынық айнаны шайтан мекен етеді деп жаман ырымға санайды. Қазақ сынық ыдыс, сынық айна жалпы сынық дүниені үйге қоймайды, қоқысқа тастайды", - дейді этнограф.

Сонымен қатар, сынық айнаға қарау адамның жүзі сынық, денсаулығындағы мәселенің туындауына алып келеді деген сенім бар. 

Бұл ырымға дін жағынан келетін болсақ, ол шариғатта негізсіз екен. Себебі, барлық затты, істі жаман ырымға балап, оған сеніп, кейінгі іс-әрекетін негіздеу дін тәліміне теріс. Дін өкілдерінің сөзіне сүйенсек, Пайғамбарымыз пессимистік көңіл-күй мен түсінік қалыптастыратын ырымдардан тыйып, барлығы Алланың қалауына байланысты деп үйреткен.

Айта кетейік, бұған дейін осындай ырым-тыйымның бірі түнде неге тырнақ алуға болмайтыны хабарланған болатын. Этнографтың айтуынша, бұрын қазақтар түнде тырнақ алған адамға қауіп төнеді деп сенген екен.

Тағы да оқи отырыңыздар: Сақтардың салт-дәстүрлері мен діни нанымдары қандай болды?

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә