Түнде неге тырнақ алуға болмайды? Этнограф түсіндірді

Түнде неге тырнақ алуға болмайды? Этнограф түсіндірді
Фото: Freepik.com

Қазақтың кез келген ырым-тыйымының тәрбиелік мәні бар. Бала кезде "түнде тырнақ алма, тырнақты белгілі бір күндері ғана алған дұрыс, тырнақты жерге көм" деген наным-сенімге толы ырымдарды естіген боларсыз. Бұл ырымның мәні неде? Тырнақты не үшін түнде алуға болмайды? Этнограф Болат Бопайұлы түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Этнографтың айтуынша, бұрын қазақтар түнде тырнақ алған адамға қауіп төнеді деп сенген екен.

"Қазақ баласы түнде тырнақ алуды жаман ырымға санайды. Ертеде адамның жаны тырнақ ұшында тұрады деп сенген халық, түнде тырнақ алған адамға қауіп төнеді деп қорыққан. Түнде алып тастаған тырнақты шайтан малғұлын алып, оны адамның халал асына салып кетеді деп ырым еткен. Оған қоса қараңғы түскенде тырнақ алу көзі көрмейтін адамдар үшін де қауіпті саналған", - деп жауап берді Болат Бопайұлы.

Сонымен қатар, халық арасында негізінде о дүниелік болған адамның тырнағын түнде алған деген аңыз бар. Сондықтан тірі адам түнде тырнақ алмауы керек деп есептелген.

Ал, тырнақ алуға дін жағынан келетін болсақ, шариғат бойынша қажылық және ұмра құлшылығын өтеу барысында ихрам киіп жүрген кезде ғана тырнақ алуға болмайды. Тырнақты, абзалы аптасына бір рет алып тұру керек. Ал қырық күннен асса – харамға жақын болып есептелінеді.

Тырнақ алу әдебі бойынша, әуелі оң қолдың сұқ саусағынан бастап, ретімен ортаңғы, аты жоқ және шынашақ, ең соңында бас бармағының тырнағы алынады. Сол қолы шынашағынан бастап, ретімен бас бармағының тырнағын алумен аяқталады. Аяқ тырнақтарын оң аяғының кішкентай башпайынан бастап, ретімен алады. Сол аяғының тырнағын, керісінше, үлкен башпайынан бастап, кішкентай башпайынан аяқтайды. 

Тырнақ алуға болмайтын жерлер:

Тырнақты асханада, беті ашық ыдыс тұрған жерде, дастархан басында және адам тұрған жерде алмаған дұрыс.

Айта кетейік, бұған дейін аяқ тырнақтары неліктен қатпарланатыны хабарланған болатын.

Тағы да оқи отырыңыздар: Қолтықтан шығатын иістен қалай құтылуға болады?

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә