Болат Назарбаев соңғы күндерін өткізген аурухана маңында не болып жатыр?

Бүгін Болат Назарбаев өмірден өтті деген ақпарат тарады. Massaget.kz тілшісі ақпараттың анық-қанығына көз жеткізу үшін экс-президенттің туған інісі өмірінің соңғы күндерін өткізген Орталық клиникалық ауруханаға барды. 

БАҚ құралдары таратқан ақпаратқа сүйенсек Болат Назарбаев шамамен 09:51 шамасында қайтыс болған. Ал сағат 10:00-ден бастап аурухананың алды азан-қазан болды. Компанияға тиесілі және жеке иеліктегі қара түсті көліктер бірінен соң бірі кіріп жатты. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Бұл Назарбаевтың туыстары болуы әбден мүмкін. 

Ал аурухана күзетшілері баспасөз қызметін шақырудан бас тартты. Ішке де кіргізбеді. Телефонына түскен хабарламадан кейін ұялы телефонымен журналистерді біртіндеп суретке түсіре бастады. Алайда тілшілердің кім үшін, не үшін деген сұрағына жауап беруден бас тартты. 

Арада бірнеше уақыт өткеннен кейін ауруханаға жерлеу рәсімінің көлігі кірді. Ол іште 40 минутқа жуық уақыт болып, шамамен сағат 11:10 кеткенде кері шығып кетті. Бұл көлікпен Болат Назарбаевтың денесін алып кетуі мүмкін. Алайда бұл нақты ақпарат емес. Себебі көлік толық күңгірттелген. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.

Арада біраз уақыт өткенде ауруханаға полиция қызметкерлері келді. Алайда күзетшіге жолыққаннан кейін кетіп қалды. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.

Ал аурухананың баспасөз қызметі марқұмның туыстарының рұқсатынсыз қандай да бір ақпарат айтуға болмайтынын айтты. Телефон арқылы тілдескенде "маған рұқсат берген жоқ" деп қысқа қайырды. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!