"Мұрным тоқтамай қанады". Еркебұлан Дайыров алғашқы жұмысы туралы айтты

"Мұрным тоқтамай қанады". Еркебұлан Дайыров алғашқы жұмысы туралы айтты
Фото: Фотоскрин

Еркебұлан Дайыров той жүргізгендегі қызықты оқиғаларын еске алып, "Алғашқы" бағдарламасында айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өнер иесі студент кезінде ақша табу үшін бірнеше жерде жұмыс істеген. Ол беташар үйреніп, той басқарған кезін еске алды.

"Тойға шығу үшін әуелі Нұрханнан беташар үйреніп алдым. Бірақ маған батыстың мақамы келіңкіремейді. Соны ойлап, қатты уайымдаған болуым керек. Тойға шығып, беташарды енді айтайын деп жатқанмын. Мұрным қанады да, бірден дәретханаға жүгірдім. Қан тоқтамай қойды. 15-20 минуттай қонақтар мен келін күтіп қалды. Сосын мұрныма мақта тығып, беташар айтып, әрі қарай жалғастырдым", - деді өнер иесі. 

Еркебұлан Дайыров алғашқы жалақысы туралы да айтты.

"Қалада әпкем мен жездем шағын дүкенде сауда жасайтын. 10-сынып бітірген соң солардың орнына барып тұрдым. Әр затқа 10 теңгеден қосатынмын. Ол кезде бір данадан сататын уақыт қой. "Кеше ғана 5 теңге еді ғой" десем, "енді қымбаттады" дейтінмін. Сөйтіп, бір күнде 1100 теңге таптым. Бұл менің алғашқы жалақым еді. Оның 900 теңгесіне базарға барып, кең қара шалбар мен футболка алғанмын. Сөйтіп, ауылға қайттым.

Студент болып жүргенде Қаныш Сәтпаев атындағы университетте бригадаға кіріп, сонда жұмыс істедім. Күніне 500-1500 теңге беретін. Кейін жездеммен бірге аула сыпырдым", - деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Еркебұлан Дайыровтың Şam театры жаңа маусымын әлемді тығырыққа тіреген конфликтілер туралы қойылымнан бастағаны туралы жарияланған болатын. 

Тағы да оқи отырыңыздар: Құдағи жүзік деген не? Оны кім тағады?

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Жайыққызы