Şam театры жаңа маусымын әлемді тығырыққа тіреген конфликтілер туралы қойылымнан бастайды

Şam театры жаңа маусымын әлемді тығырыққа тіреген конфликтілер туралы қойылымнан бастайды

2023 жылдың 24, 25 қыркүйек күндері Şam театры екінші маусымын "Иран конференциясы" спектаклімен ашады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Театр көрермен назарына Самал Еслямова, Еркебұлан Дайыров, Асан Мәжит, Зарина Кармен, Сағызбай Қарабалин, Ерлан Біләл және басқа да танымал өнер қайраткерлері қатысатын адамзаттың заманауи мәселелеріне түрлі көзқарасты көтеретін философиялық мәндегі көркемдік дәрежесі жоғары, салмақты қойылымын ұсынбақ.

"Біз бұл конференцияда мынау әлемді осындай қиын жағдайға душар еткен, шешімін табу күннен күнге күрделеніп бара жатқан конфликтілердің себебі мен салдары жайлы айтамыз. Конференция — әлемге деген, адамға деген бір-біріне қарама-қарсы екі түрлі түсініктің қақтығысы туралы. Ол екі әлемді "батыс" пен "шығыс" деп бөлгім келмейді, өйткені біз қазір олай қарай алмаймыз. Бүгінгі таңда батыс әлемінде де, шығыс әлемінде де әртүрлі елдер бар. Бір-біріне мүлдем ұқсамайтын неше түрлі саяси және діни структуралар қалыптасып кеткен, сондықтан әлемді батыс пен шығыс деп бөлу мүмкін емес. Біз бұл қақтығысты ең әуелгі екі түсініктен тарқатар едік: бірі "діни дәстүршілдік", екіншісі "гуманистік рационализм", - деп хабарлады театр спектакль туралы.

Şam театры – спектакльдері қазақ тілінде қойылатын еліміздегі тәуелсіз шығармашылық ұжым. Театрдың негізін қалаушылары – өнер қайраткерлері Еркебұлан Дайыров пен Асан Мәжит.

Былтырғы күзде қазақстандық алдыңғы қатарлы актерлердің қатысуымен өткен №37 премьерасымен Şam театры тұсауын кескен еді. Бір жыл ішінде 14 мыңнан астам көрермен тамашалаған бұл спектакльдің көрсетілімі республикамыздың 10 қаласында аншлагпен өткен.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget