Алматыда 14 жыл бойы іздеуде болған ер адам фитнес залда ұсталды

Алматыда 14 жыл бойы іздеуде болған ер адам фитнес залда ұсталды
Фото: Polisia.kz

Алматыда 14 жыл бойы халықаралық іздеуде болған ер адам ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Жамбыл облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 2009 жылдан бері ҚР Қылмыстық кодексінің 178-бабы 2-бөлігі, 257-бабы 3-бөлігі (ескі редакция) бойынша іздеуде жүрген 49 жастағы Ө. есімді ер адамды ұстады.

Осыдан 14 жыл бұрын Таразда тонау және бұзақылық деректерін жасағаны үшін оған қатысты іздеу жарияланған болатын.

Жедел мәліметтерге сәйкес, ол бірнеше жыл бойы шет мемлекеттердің аумағында бой тасалаған.

7 қарашада жамбылдық полицейлер арнайы операция жүргізу барысында іздеудегі ерадамды Алматыдағы фитнес залдарының бірінде ұстады. Күдіктінің бет-бейнесі өзінің туған ағасына ұқсайды. Ол полиция қызметкерлеріне бауырының есімін айтып таныстырған.

Анықтау жұмыстарын жүргізу үшін бір мезгілде оның туған ағасы Жамбыл облысының Полиция департаментіне жеткізілді. Олардың саусақ іздері алынып, жеке бастары толық анықталған соң іздеудегі ер адам Алматы қаласы ПД УҰИ-ға қамаққа алынды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек