"Тынысым тарылып, қалай өмір сүрерімді білмедім". Әли Оқапов "Құрмет" ордені туралы айтты

"Тынысым тарылып, қалай өмір сүрерімді білмедім". Әли Оқапов "Құрмет" ордені туралы айтты
Фото: әлеуметтік желі

Әнші Әли Оқапов "Құрмет" орденіне ие болған кезде, халықтың қалай қарсы болғанын тіпті тынысы тарылып, мұндай керағар пікірді қабылдай алмағанын айтты. Бұл туралы өнер иесі Динара Сәтжанға берген сұхбатында әңгімеледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, әнші Әли Оқапов жуырда "Құрмет" орденімен марапатталып, жұрттың сынына қалған еді. Бұл жағдай өнерпазға ауыр тиіп, халыққа видео үндеу жолдап, барлық наградаларынан бас тартты. 

"Астана қаласында сұхбаттан шықтым, бір мейрамханада досыммен отырған кезде бір журналист маған хабарласып "Құрмет" ордені туралы сұрақ қойды. Мен журналиске ол туралы ештеңе айтқым келмейтінін, бұның жай ғана награда екенін айттым. Алайда ол менімен сұхбаттасып тұрған сәтімді аудиоға жазып алып, әлеуметтік желіге жариялап жіберген. Көптеген паблик менің орден алғаным туралы жариялай бастады. Мен бұлай қатты болатынын білмедім. Тынысым тарылып, өзімді жайсыз сезіне бастадым. Менің досым мені барынша тынышталдырды. Өзіме бірер күн instagram желіге кірмеймін деп сендірдім. Мүмкін халықтың ойы басқа нәрсеге ауысқан кезде қайта кірермін деп ойладым", - дейді әнші.

Өнерпаз бұл жағдайға қатты қайғырған, сондықтан барлық марапаттардан бас тартқанын жеткізді.

"Маған белгісіз нөмерлер көптеген сілтеме жібере бастады. Ашып қарасам Тәңірберген Бердоңғаров мен туралы жазба жариялаған, халықтың басым бөлігі оны қолдаған. Сол кезде маған шынымен қатты қиын болды. Халықтың осынша керағар пікірімен енді ары қалай өмір сүремін деп ойландым. Бұл жағдайды қалай түзеуге болатынын ойладым. Қалай бас тартамын, марапаттарымды қайтарып береуге бола ма деген заңдарды қарай бастадым. Мемлекеттік наградаларды қайтару туралы заң мүлде жоқ екен. Осы күнге дейін ешкім мемлекеттік марапаттарынан бас тартпаған екен. Егер қылмыстық іске қатысың болса қайтаруға болады. Сол кезде ғана марапаттарды қайтарып алады екен. Тіпті бұл нұсқаны да ойлап қойдым", - дейді ол.  

Сондай-ақ, әнші осы жағдайлардан кейін халыққа видео үндеу түсіріп, наградалардан бас тартанын айтты.

"Түнде үйге Астанадан келдім. Мен не істерімді білмеймін. Бар ойым осы жағдайларды реттеу болды. Бұдан шығатын ешқандай жол жоқ. Менің осы кезге дейін алған награда, марапаттарымның бәрін жинап видео үндеу жасадым. Әлеуметтік желіге жүктедім. Осы жағдайдан кейін таныс емес нөмерлер хабарласып, маған сен олай оңай берілмейтін едің деген секілді әңгімелерін жеткізді. Көптеген өнер адамы хабарласып маған "ол марапаттарды қайтарма, ол сенің жеңісің" деп жұбату сөздерін айтты", - дейді Әли Оқапов.

Айта кетейік, бұған дейін әнші Әли Оқапов "Құрмет" орденінің иегері атанған еді. Бірақ халықтың керағар пікірінен кейін өнерпаз бұл наградадан бас тартатын жеткізді. Әлидің әйелі Ақерке Бүркітбай бұның барлығы әдейі жасалғанын айтты.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Е. Ерболұлы