Тұңғышбай Жаманқұлов - 75 жаста: Әуезов театрында спектакльдер апталығы басталды

Тұңғышбай Жаманқұлов - 75 жаста: Әуезов театрында спектакльдер апталығы басталды
Фото: Театр баспасөз қызметінен

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында ҚР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Тұңғышбай Жаманқұловтың 75 жасқа толуына орай спектакльдер апталығы басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Апталықтың ашылуында режиссер Есмұхан Обаев кіріспе сөз сөйледі.

"Тұңғышбай Жаманқұловтың 75 жасқа толуына орай фестивальдер әр жерде өтіп жатыр. Бұған дейін бірнеше жерде ұйымдастырылды. Бұл театрда бір апта бойы Тұңғышбай Жаманқұловтың режиссерлігімен қойылған спектакльдер көрсетіледі. Бұл кісі қарғадайынан халық әртісі. Елдер таниды, танығанда да құшағын жайып қарсы алады. Осы театрда бірнеше жыл басшы болған. Апталықта шығармашылығымен тағы да жақынырақ танысасыздар. Қош келдіңіздер деймін. Театрға күнде келіңіздер!", - деді Есмұхан Обаев.

Келген көрерменге Тұңғышбай Жаманқұлов өз атынан ризашылығын жеткізді.

"53 жыл өміріміз осы театрда өтті. Өмір деген түп-түзу жол емес. 75 жасқа аман-сау, ештеңеге соқтықпай жетіп отырмыз. Бірақ өзімді 75 емес, 45-тің ар-жақ бер жағындағындай сезінемін. Солай сезінуге рұқсат етіңіздер. Мен сіздерге қарыздармын. Өнер - ұлы әлем.Егер мен сізге таныс болсам, ұнататындарыңыз, ұнатпайтындарыңыз болса бәрі өнердің арқасы. Бірде оза шаптым, бірде қала шаптым, бірде құладым, бірде тұрдым. Қамшы әкеп беруден бастап, Абылайханның рөліне дейін сомдауым осы қасиетті қара шаңырақтың арқасы. Осы ұжымға, режиссерлеріне көп рахмет! Қызығушылық танытып келген сіздерге алғыс!", - деді өнер қайраткері.

Апталыққа келушілерге театрдағы Мұражай бөлімінің ұйымдастыруымен Тұңғышбай Жаманқұловтың 75 жылдығына арналған көрме ұсынылды.

Сондай-ақ, шара аясында "Аршын мал алан" мюзиклі,  "Томирис" трагедиясы,"Ай мен Айша", "Қара", "Қазақтар" және "Абылай ханның ақырғы күндері" драмалары көрерменге ұсынылады. 

Еске салайық, бұған дейін "Астана Балет" театрындағы "От қыз" балетінің премьерасы туралы жарияланған болатын.

Тағы да оқи отырыңыздар: Әріптеске қандай гүл сыйлау керек?

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы