"Астана Балет" театрындағы "От қыз" балетінің премьерасы табысты өтті

"Астана Балет" театрындағы "От қыз" балетінің премьерасы табысты өтті
Фото: "Астана Балет" баспасөз қызметінен

6-7 қазанда "Астана Балет" театрының сахнасында Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен "От қыз" ертегі балетінің премьерасы өтті. Қойылымның хореографы Мукарам Авахри, либретто авторы - Бақыт Қайырбеков, композиторы - Карина Абдуллина. Премьералық көрсетілім көрермен көкейінен шығып, әртістер мен спектакль авторларын ұзақ уақыт сахнадан босатпай, қошеметін білдіріп жатты.

"Спектакль жайлы идея біздің арт-менеджерімізге тиесілі. Оны жүзеге асыруға құлшына кірістік. Бұл - балаларға арналған спектакль. Себебі, әу баста осындай міндет қойылған болатын", - деген ойымен бөлісті Мукарам Авахри.

Либретто Күнді атып түсірген Мерген аңшы жайлы түркі мифологиясының желісімен жазылған. Ол тәкәппар, мақтаншақ еді. Сөйтіп, дүниені астан-кестен қылды. Шүйгін Шөп елі зардап шегіп, бойжеткен ханшайым От қыз жоғалып кетіп, қыс түседі. Ағат кеткенін түсінген Мерген қателігін түзеп, әлемге жарық пен жылуды қайтаруға тырысады.

"Ертеректе көк шөпті осылай атаған. Ұзақ қыстан кейін, ерте көктемде жер отайған шақта шыққан көкті таптауға болмайтын. Бұл табиғат заңы. Ұлы Даламыздың жазылмаған қағидасы. Бұл – табиғат пен адам баласын аялау керегі жайлы балет. Сюжетті бекіткеннен кейін, бұл балеттің музыкасын Карина Абдуллина жазу керек деп шештік. Оның көркем, бояуы қанық, сонымен қатар, нәзік әуенінің арқасында балеттің де ажары кірген тәрізді", - деп қостыхореограф.

Хореографиялық туындыны шығаруға еліміздің дарынды өнер қайраткерлері ат салысты: суретші-сценограф әрі костюм суретшісі Әйгерім Алтыбасарова;суретші-сценографтың ассистенті Асқар Ысқақов, костюм суретшісінің ассистенті Наталья Протасова;жарық суретшісі Денис Солнцев; бейнесуретші Нұрлан Әбішев.

"Сюжетіміз ертегі болғанымен, костюмдерге сақ дәуірінің элементтерін қостым. "Сән" атаулыны да қосуға тырыстым. Балалардың талғамын өсіру керек қой. Ісмерлердің қолымен тігілген дүниелер көп болды. Сондықтан,костюмдер өте әдемі шықты. Бас кейіпкердің киімінде Алтын адамның - еліміздің маңызды символдарының бірінің киім үлгісін де аз-кем қолдандық", - деген ойымен бөлісті Әйгерім Алтыбасарова.

Премьераның алғашқы күні басты партияларды орындағандар: От қыз - Назерке Аймұхаметова, Мерген аңшы - Сүндет Сұлтанов; екінші күні - Анар Дүкиева, Ерқанат Ермағамбет. Екі күн бойы Мерген суырдың партиясын Артемий Сеялов, Дауылды - Уэсли Карвальо орындап, Ай бейнесін сомдаған Риза Қанатқызы, Күн бейнесін сомдаған - Әйгерім Келемеденова.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтті.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина