"Қарағанды шахтасында қаза тапқандар саны 40-қа жетуі мүмкін" - депутат Ермұрат Бапи

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Қарағанды шахтасында қаза тапқандар саны 40-қа жетуі мүмкін екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Құдай сақтасын! Бірақ өкінңшке қарай, кезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей нұсқауымен Митталдың жеке меншігіне берілген "АрселорМиттал Темиртау" (АМТ) компаниясына қарасты Костенко шахтасында болған апаттан 200-ден астам кенші жер астында қалды деген хабар келді. Оқиға басында құтқару операциясымен айналысып жүрген жігіттердің хабарына қарағанда, өрттің арғы жағында, терең забойда қалған 30-ға жуық адамды құтқару мүмкіндігі азайған сияқты... Қазірдің өзінде қаза тапқандар саны 11 адамға жетті.

Қазақстан металлургиясының флагманы аталған "Қарметкомбинатты" Митталдың меншігінен кері қайтарып алу мәселесі осыдан бірер ай бұрын - кезекті адамдар өліміне әкелген апаттан кейін қозғалған еді. Міне, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде біраз депутат көтерген осы талапқа Үкімет атүсті қарап, "АМТ"-ны кімге береміз деп, ырғалып-жырғалып жүргенде кезекті апат болды!", - дейді депутат. 

Сонымен қатар, Ермұрат Бапи үкімет басшысына үндеу жасады. 

"Әлихан Смайылов мырза, техника қауіпсіздігін қаперсіз қалдырып, Қарағанды кеншілерінің баудай қырылуына жол берген, жеке есебіне түсер миллиардтар қуып кеткен Митталдан "Карметті" қайтарып алуға не кедергі? Сіз әлі күнге дейін "ескі Қазақстан" жаққа елеңдеуді қойып, Қазақстан халқына қарай қашан бас бұрасыз?

"Аманат" партиясының Парламенттегі фракциясы (Елнұр Бейсенбаев мырза), сайлауда жеңіп шыққан партия ретінде 8-ші шақырылымның алғашқы сессиясында "аманаттықтар" ұсынған премьер-министрден "Карметтің" меншік иесін жедел өзгерту процессін бастауды талап етуді сұраймын!", - дейді депутат. 

Еске салайық, Қарағанды ​​облысында Костенко атындағы шахтада жарылыс болды. Соңғы мәліметтер бойынша, қаза тапқандар саны 21-ге жетті. ТЖ министрі, генерал-майор Сырым Шәріпханов Қарағандыдағы Костенко шахтасындағы апат орнына басшылық ету үшін барды. 

Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев  "АрселорМитталТеміртаумен" ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. 

Бас Прокуратура Қарағанды облысы Костенко атындағы шахтадағы өртке қатысты соталды тергеп-тексеру басталғанын хабарлады. 

Енді "АрселорМитталТеміртау" Қазақстан пайдасына берілуі мүмкін. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі өкілдері мәлімдеді. 

"Шахтадағы өрттің салдарынан топтық жазатайым жағдайдың себептеріне жан-жақты тергеу жүргізілетін болады. Сонымен қатар, келтірілген залалды бағалау, зардап шеккендерге және қаза тапқандардың отбасыларына алғашқы көмек көрсету жөнінде шаралар қабылданады.

Сондай-ақ, Үкімет "АрселорМиттал Теміртау" АҚ акционерлерімен алдын ала уағдаластыққа қол жеткізгенін және кәсіпорынның меншік құқығын Қазақстан Республикасының пайдасына беру туралы келісімшартты рәсімдеу аяқталу үстінде екендігін хабарлаймыз", - делінген хабарламада. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!