Қарағандыдағы шахтада жарылыс: қаза тапқандар саны 21-ге жетті

Қарағандыдағы шахтада жарылыс: қаза тапқандар саны 21-ге жетті
Фото: Тұрар Қазанғапов

Қарағанды ​​облысындағы Костенко атындағы шахтада жарылыс болды. Қаза тапқандар саны 21-ге жетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

252 адамның 205-і жер астынан шығарылды, оның 18-і медициналық көмекке жүгінген. 23 кеншіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Апат орнында КӘАҚҚ құтқарушылары жұмыс істеп жатыр. Штаб жұмыс істеп тұр.

Костенко шахтасында болған оқиғаға байланысты "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ның Костенко атындағы шахтасында Төтенше жағдайлар министрлігі және Қарағанды ​​облысының Төтенше жағдайлар департаменті мен 8 (7172) 70-41-08, 8 (7212) 51-72-23, 8 (7212) 49-72-70. сенім телефондары мен ақпараттық-психологиялық қолдау жұмыс істейді.

Еске салайық, Қарағанды ​​облысында Костенко атындағы шахтада жарылыс болды. ТЖ министрі, генерал-майор Сырым Шәріпханов Қарағандыдағы Костенко шахтасындағы апат орнына басшылық ету үшін барды. 

Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев  "АрселорМитталТеміртаумен" ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. 

Бас Прокуратура Қарағанды облысы Костенко атындағы шахтадағы өртке қатысты соталды тергеп-тексеру басталғанын хабарлады. 

Енді "АрселорМитталТеміртау" Қазақстан пайдасына берілуі мүмкін. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі өкілдері мәлімдеді. 

"Шахтадағы өрттің салдарынан топтық жазатайым жағдайдың себептеріне жан-жақты тергеу жүргізілетін болады. Сонымен қатар, келтірілген залалды бағалау, зардап шеккендерге және қаза тапқандардың отбасыларына алғашқы көмек көрсету жөнінде шаралар қабылданады.

Сондай-ақ, Үкімет "АрселорМиттал Теміртау" АҚ акционерлерімен алдын ала уағдаластыққа қол жеткізгенін және кәсіпорынның меншік құқығын Қазақстан Республикасының пайдасына беру туралы келісімшартты рәсімдеу аяқталу үстінде екендігін хабарлаймыз", - делінген хабарламада. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Бөлек