"Таңда жұмыстан келуі керек еді". Іздестіріліп жатқан кеншінің туысқаны оқиға туралы айтты

Қарағанды ​​облысындағы Костенко атындағы шахтада жарылыс болды. Қаза тапқандар саны 21-ге жетті. 252 адамның 205-і жер астынан шығарылды, ал 23 кеншіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Іздестіріліп жатқандардың арасында Тұрсынбек Сәтбаевтың құда баласы да бар. Қарағанды тұрғыны оқиға туралы айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Анық-қанығын ешкім айтпай жатыр. Жаңа таңға жақын естідік. Мына шахтада жұмыс істегеніне 2-3 жылдай болып қалды. Жасы 27-де. Әлі хабар жоқ. Екі забойдан адамдарды шығарды дейді, қалғандары белгісіз. Бәрін аты-жөні бойынша сұрадық. Келіннің інісі, бәрін келін сұрады. Біз өзіміз осы жерге келдік. Құда баламның әкесі де осы шахтада істеп кетті. Кеше түнде жұмысқа кетті. Бүгін таңда жұмыстан келуі керек еді. Мен БАҚ-тан білдім, кейін келнім хабарласып сұрады", - дейді Тұрсынбек Сәтбаев. 

Еске салайық, Қарағанды ​​облысында Костенко атындағы шахтада жарылыс болды. Қаза тапқандар саны 21-ге жетті. 

ТЖ министрі, генерал-майор Сырым Шәріпханов Қарағандыдағы Костенко шахтасындағы апат орнына басшылық ету үшін барды. 

Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев  "АрселорМитталТеміртаумен" ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. 

Бас Прокуратура Қарағанды облысы Костенко атындағы шахтадағы өртке қатысты соталды тергеп-тексеру басталғанын хабарлады. 

Енді "АрселорМитталТеміртау" Қазақстан пайдасына берілуі мүмкін. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі өкілдері мәлімдеді. 

"Шахтадағы өрттің салдарынан топтық жазатайым жағдайдың себептеріне жан-жақты тергеу жүргізілетін болады. Сонымен қатар, келтірілген залалды бағалау, зардап шеккендерге және қаза тапқандардың отбасыларына алғашқы көмек көрсету жөнінде шаралар қабылданады.

Сондай-ақ, Үкімет "АрселорМиттал Теміртау" АҚ акционерлерімен алдын ала уағдаластыққа қол жеткізгенін және кәсіпорынның меншік құқығын Қазақстан Республикасының пайдасына беру туралы келісімшартты рәсімдеу аяқталу үстінде екендігін хабарлаймыз", - делінген хабарламада. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!