Депутат теміржолшыларды 57 жастан бастап зейнетке шығаруды ұсынды

Депутат теміржолшыларды 57 жастан бастап зейнетке шығаруды ұсынды
Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Сенатор Геннадий Шиповский елімізде теміржолшыларды 57 жастан бастап зейнетке шығаруды ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол депутаттық сауалын Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдады.

"Елімізде теміржол саласын дамыту үшін Көлік министрлігі құрылды. Алайда ведомство теміржолшылардың жалақысының төмендігін, баспана алу және зейнет жасын төмендету мәселесін шешпеді. Министрліктің мәліметінше, ең төменгі санаттағы байланыс және дабыл мамандарының жалақысы Ақтөбеде 382 мың теңге, Қызылордада 354 мың теңге, ал ең төменгі санаттағы теміржолшының жалақысы Абай облысында 280 мың теңге және Павлодар облысында 280 мың теңге екен. Алайда бұл шындыққа сәйкес келмейді", - деді депутат.

Геннадий Шиповский бұл ақпаратты тексергенін айтты.

"Өңірлердегі теміржолшылардан мәліметтер алдым. Оған сүйенсек, ең төменгі санаттағы "байланыс және белгі беру" мамандарының қолға алатын жалақысы Ақтөбеде шамамен 200 мың теңге, Қызылордада 180 мың теңге, дәл солай ең төменгі санаттағы "жол жөндеушінің" жалақысы Абай облысында 160 мың теңге, Павлодар облысында 205 мың теңге болады. Министрлік пен өңірлердегі теміржолшылардан алған ақпарат екеуі екі түрлі. Әрине, біз халықтын ақпаратына сенеміз", - деді сенатор.

Оның айутынша, қазіргі таңда теміржол саласында 140 мыңға жуық адам жұмыс еңбек етіп жүр.

Депутат саладағы мәселелерді шешу үшін өз ұсыныстарын айтты:

Біріншіден, "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының жылдық табысын, мемлекет тарапынан берілетін субсидияны және инфляцияны ескеріп, теміржол саласының қарапайым жұмысшыларының жалақысын көтеру керек.

Екіншіден, теміржол саласындағы қарапайым жұмысшыларға корпаративтік келісім немесе басқаша тетіктерді қарастыра отырып, 55 немесе 57 жастан зейнетке шығаруды қамтамасыз ету керек.

Үшіншіден, теміржол қызметкерлеріне арналған тұрғын үй бағдарламасы әзірленуі керек, сондай-ақ бағдарламаның тетіктерін барлық өңірге енгізіп, жергілікті атқарушы органдармен нақты алгоритмі жасалуы тиіс.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина