СҚО-да өз балаларын үш жыл бойы зорлаған ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Солтүстік Қазақстан облысында өз балаларын зорлаған ер адамға қатысты үкім шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап. 

Бұған дейін жергілікті Полиция департаментінің басшысы Айдын Қабдулдинов бұл дерек Мағжан Жұмабаев ауданында тіркелгенін хабарлаған болатын. Өзбекстан азаматы мас күйінде кәмелетке толмаған қызын зорлаған. Сот отырысы жабық өткен. Сотта ер адам екі баласын: қызы мен ұлын зорлағаны анықталған. Ол өз балаларын 2020 жыл мен 2023 жылдың қаңтарына дейін үш жыл бойы зорлап келген.  

"Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, олардың заңды өкілінің, куәгерлердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен анықталды. Сотталушы мен оның адвокаты айыптаумен келіспеді, одан ақтауды сұрады. Сот жауапкершілік пен жазаны ауырлататын мән-жай ретінде мас күйінде қылмыс жасалғанын атап өтті. Сотта жазаны жеңілдететін мән-жайлар болмады. Аса ауыр қылмыстар санатына жататын жасалған қылмыстардың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, істің мән-жайларын, кінәлінің жеке басын ескере отырып, сот барынша қатаң жаза тағайындау қажеттігі туралы қорытындыға келді. Сот үкімімен ер адам педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым сала отырып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - делінген хабарламада. 

Айыпталушы жазасын төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!