Өгей әкелерді тексеру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр - Ішкі істер министрлігі

Полицейлер үшін отбасында зорлыққа ұшыраған кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу алгоритмі дайындалды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, өгей әкелерді тексеру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

"Бүгінде заң жобасына біраз ұсыныс дайындалған. Қазір олар қарастырылып жатыр. Сондай-ақ, елімізде ажырасқан отбасылар бар. Әйел ажырасып, екінші рет тұрмысқа шыққанда, отбасында өзімен бірге кәмелетке толмаған қыз болады. Осындай жағдайда бірге тұрып жатқан өгей әкесі сол жасөспірімдерге кейде зорлық-зомбылық жасайтын фактілер болады. Оны біз білеміз. Ол соншама көп болмаса да деректер бар", - деді комитет төрағасы Үкіметтің баспасөз орталығында.

Қайсар Сұлтанбаев полицейлер отбасында зорлыққа ұшыраған жасөспірімдермен сөйлесіп үйренетінін жеткізді. Ол үшін арнайы алгоритм жасалған.

"Ішкі істер министрлігі кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларына арнайы алгоритм жасады. Кәмелетке толмаған қыздар немесе олардың шешелері арыз түсіргенде, арызды қалай қарау керек, полиция сол отбасыға келгенде, бірінші кіммен сөйлесу керек, қандай мәселеге көңіл аудару қажет, қандай сұрақтар қою керек деген мәселелер қамтылған.

Жасөспірімнің көңіл-күйін, дене жарақаты бар-жоғына талдау жасауға қатысты алгоритм жасап дайындадық. Алгоритмді қызметкерлерге бердік. Сондай арыз түскенде, біздің қызметкерлер сол алгоритм бойынша жұмыс істейді. Қазір заң жобасы дайындалып жатыр", - деді Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы.

Еске салайық, бұған дейін Президент кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды тапсырғаны хабарланған еді. 

Тағы да оқи отырыңыздар: Қобыланды батырдың зираты қайда орналасқан?

Аяз Есен

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз