Биыл 29 бала есірткі қылмысын жасады деген күдікке ілінген

2023 жылы кәмелетке толмаған 29 бала есірткі қылмысын жасады деген күдікке ілінді. Бұл туралы Ішкі істер министрінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шұғыла Тұрлыбектің айтуынша, ІІМ бастамасымен Ақтөбеде есірткіге қарсы өңірлік штабтың отырысы өткен.

Жиында ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Әмірханов нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспарда жасөспірімдер мен жастар арасында нашақорлықтың алдын алуға көп көңіл бөлінгенін айтқан.

"Отырыста кәмелетке толмағандарды есірткінің заңсыз айналымына тарту мәселесі қаралды. Егер 2020 жылы олар 15 есірткі қылмысын жасаса, оның бесеуі сатуға қатысты. 2021 жылы бұл көрсеткіш 26 фактіге өскен, оның оны сатуға қатысты. 2022 жылы кәмелетке толмағандар 25 есірткі қылмысын жасаған. Олардың жартысы (он екі факт) – есірткіні сатуға қатысты", - деді Шұғыла Тұрлыбек ІІМ-де өткен брифингте.

Сондай-ақ ол биылғы деректерге тоқталды.

"2023 жылы қылмыстық іс жүргізуге кәмелетке толмаған 29 бала тартылды. Оның ішінде 13 колледж студенті, жоғарғы оқу орындарының 3 студенті және 6 оқушы бар. Олар 18 толмаған. Бүгінде полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Балалар есірткі қылмысын жасады деген күдікке ілінген", - деді ресми өкіл.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!